Буча көшелерінде мәйіт шашылып жатыр. Әскери тұтқындарды атып, денелерін Украинаға беріп жіберген. Баллистикалық зымыран түскен теміржол станциясындағы қанды қырғын. Ата-анасына ештеңе айтпастан ресейлік отбасыларға асырауға берген украин балалар.
Ресейдің Украинаға басқыншылығының үш жылында жасалған зорлық-зомбылық, әскери және адамзатқа қарсы қылмыс күн санап артып жатыр.
Бұл қылмыс оқиғаларының бірде-бірі Киев, Гаага немесе басқа жердегі сот органында қаралады дегенге кепілдік жоқ. Ресей күштерінің командирлері өздеріне тағылған айыптар бойынша зерттеу жүргізуге құлықты емес, Кремль ең сорақы қылмыстарға қатысы бар делінген әскери бөлімдерді төбесіне көтеріп, қошемет көрсетті. Ресей көзіне ілмейтін, АҚШ-тың қатқыл сынына ұшыраған Халықаралық қылмыстық сот қиын жағдайда қалып отыр.
Соған қарамастан, украин тергеушілері мен олардың Батыстағы қолдаушылары айғақтар жинап, әртүрлі формадағы 153 мыңға жуық қылмыстық іс қозғаған.
– Олардың қашан жауапқа тартылатыны – уақыттың еншісінде, – дейді Украина бас прокуратурасының әскери қылмыстар бойынша тергеушісі Юрий Белоусов. – Бұған жылдап уақыт кететінін тарихтан білеміз, бірақ бұл қылмыстар ұмытылмайды.
Азаттық аталған соғыс қылмыстарының ең сорақы деген бесеуін теріп, оқырман назарына ұсынады.
БАЛАЛАРДЫҢ БӘРІ ҚАЙДА КЕТТІ?
Халықаралық қылмыстық сот қозғаған алғашқы екі іс ресми адамдар "оккупацияланған аймақтағы украин балаларын Ресейге жіберу бойынша жоғары деңгейдегі жүйелі науқан" деп атаған оқиғаға бағытталды.
Халықаралық сот 2023 жылғы 17 наурызда жасаған мәлімдемесінде "балаларды заңсыз депортациялап, көшіріп", соғыс қылмысын жасады деген айыппен Ресей президенті Владимир Путин мен Кремльдің бала істері бойынша уәкілі Мария Львова-Белованы тұтқындау жайлы қаулы шығарды.
Украин билігінің дерегінше, 20 мың бала із-түзсіз жоғалып кеткен немесе украин шенеуніктерінің сөзінше, Ресейде қамауда отыр.
Құқық қорғаушылар, журналистер мен украин тергеушілері Ресейдің оккупацияланған аудандардан украин балаларды алып кету бойынша көлемді науқан жүргізгенін растайтын айғақтар тапқан.
Ресейдің өкілетті тұлғалары бұл науқанды балаларды оккупацияланған аудандардағы ауыр жағдай мен соғыстан құтқару үшін жасалған игі іс, гуманитарлық көмек деп түсіндірген. Бірақ көп жағдайда Ресей билігі балалардың ата-анасын, туыстарын немесе заңды қамқоршыларын анықтауға тырыспаған.
Зерттеуге сәйкес, Ресей билігі балаларды еркінен тыс асырап алуға немесе тәрбиелеуге берумен де айналысқан. Кей жағдайда украин балалар Беларусьтегі жазғы лагерьлерге жіберілген. Лагерьде балалар Ресейді жақтайтын білім мен пропагандаға толы дәріс алған.
БУЧАДАҒЫ ЖАЙРАҒАН МӘЙІТТЕР
Ресей әскері Украинаға басып кірген алғашқы апталарда күтпеген қарсылыққа ұшырады. Әсіресе, Киевтің солтүстігіне қарай тойтарыс мықты болды. Наурыздың аяғында командирлер әскери бөлімдерге кері шегініп, топтасуды бұйырды.
Ресей әскері шегінгеннен кейін украин шенеуніктері мен журналистер Буча қаласынан жүздеген бейбіт тұрғынның мәйітін тапты. Бәрі атылған, кейбірінің қолын артына қайырып байлап, көше қиылыстары мен жертөлелерге тастаған. Көрші Ирпеньнен жаңа қазылған ондаған мола табылды. Онда оқ тиіп қаза тапқан марқұмдар жерленген.
Буча мен Ирпеньдегі жағдай бүкіл әлемді дүр сілкіндірді: Киев пен Мәскеу арасында атысты тоқтату жайлы келіссөз күшейді, Ресейді сынап, Украинаны қолдаушылар көбейді.
Шетелдік сарапшылардың пікірінше, соғыс қылмысы болғанын айғақтар анық көрсетеді. Кейінірек АҚШ Бучада болған десанттық шабуыл полкінің командиріне "халықты сотсыз қырғаны" үшін виза беруге тыйым салды.
Украина билігі Бучадағы соғыс қылмысы болуы ықтимал жайттар үшін Ресейдің 21 әскери қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғағанын айтты.
Қырғынға ұшыраған бейбіт халықтың суреттері жарияланғаннан кейін бірнеше аптадан соң, Путин Буча мен оған іргелес аудандарда болған 64-жеке мотоатқыштар бригадасына алғыс білдіретін жарлыққа қол қойды.
ҚАҚАҒАН ҚЫСТА ЖЫЛУСЫЗ ҚАЛДЫРУ
Ресей бастапқы сәтсіздіктерінен кейін соғыс жоспарын өзгертті. Ресей әскерінің басына келген генерал Сергей Суровикин Украинаның әскери нысандарына емес, азаматтық инфрақұрылымына қарсы ауқымды зымыран және әуе шабуылын бастауға бұйрық берді.
Евгений Пригожиннің жалдамалы әскер тобы Кремльге қарсы көтеріліп, бүлік басылғаннан кейін Суровикин қызметінен шеттетілді. Бірақ ол бастаған стратегия сол күйі қалды.
Украинаның ресми көзқарасы бойынша, Ресей теңіз бен аспаннан қанатты зымыран, камикадзе дрон және басқа да қаруын ұшыру арқылы украин халқын қажытып, әскери рухын сындыруды көздеген. Қақаған қыста украиндерді жарық пен жылусыз қалдыру үшін электр станциялары, трансформаторлар мен электр желілеріне шабуыл жасаған.
Былтыр наурызда Гаага соты ресейлік шенеуніктер: генерал-лейтенант Сергей Кобылаш пен адмирал Виктор Соколовты электр станцияларына әуе шабуылын басқарғаны үшін айыпты деп тауып, оларды тұтқындауға ордер шығарды.
Соғыс қылмысы мен соған ұқсас басқа да құқықбұзушылықтар қамтылған заңдар жинағы – Халықаралық гуманитарлық заң әскери күштерге заңды себепсіз (мәселен, электр станциясында әскер жасырынып отырмаса) азаматтық нысандарды атқылауға тыйым салады.
ӘСКЕРИ ТҰТҚЫНДЫ ӨЛТІРУ
2022 жылы желтоқсанның аяғында Украинаның 119-тәуелсіз аумақтық қорғаныс бригадасының жауынгері Александр Мациевский Бахмут қаласын қорғау кезінде жоғалып кеткен.
Үш айдан кейін ресейлік арнадан әбден жүдеген Мациевскийдің Ресей жауынгерлері алдында темекі тартып тұрған 12 cекундтық видеосы көрсетілді. Ресейлік сарбаздар Мациевскийді мазақ қылып, видеоға түсіріп жатқанда, ол "Слава Украине!" (2014 жылы Ресей Украинаға бірінші рет басып кіргенде пайда болған патриоттық ұран) деп айқайлайды. Артынша орыс жауынгері оны балағаттап, сол жерде атып тастаған.
Александр Мациевский халық қаһарманына айналды. Украина билігі мен сарапшылар оны "соғыс қылмысының құрбаны" деп атады.
Халықаралық заңдарға сәйкес, әскери тұтқынды сот тергеуінсіз өлтіруге тыйым салынған. Әскери тұтқындарды Ресей мен Украина қол қойған көпжылдық халықаралық келісім – Женева Конвенциясы қорғайды.
БҰҰ дерегінше, 2022 жылдың ақпанынан бастап Ресей әскері немесе сонымен байланысты топтар кемі 71 украин әскери тұтқынын өлтірген. Кемі 21 тұтқын Ресейдің қолында қамауда отырып қаза тапқан. Жүздеген адам қамауда азаптау мен жыныстық зорлыққа ұшырағанын айтқан.
БҰҰ мәліметінше, Украина да судан ақ, сүттен таза емес. 2022, 2023 жылдары БҰҰ бақылау миссиясы 26 ресейлік әскери тұтқын өлтірілгенін анықтады. Жүздеген ресейлік Украинада қамауда отырып, азапталғанын айтқан.
ТЕМІРЖОЛ СТАНЦИЯСЫНА ТҮСКЕН ЗЫМЫРАН
2022 жылғы 8 сәуірде таңертең жүздеген адам Донбасстағы Краматорск қаласында темір жол станциясында пойыз күтіп тұрған. Сол сәтте станцияға "Точка У" деп аталатын баллистикалық зымыран түсті.
Жарылыс салдарынан кемінде 58 адам қаза тауып, жүзден астам кісі жараланды. Бұл – соғыс басталғалы Украинаның бейбіт халқына қарсы жасалған ең қанды шабуылдардың бірі болды.
"Точка У" зымыраны Ресейдің де, Украинаның да қару-жарақ қорында болғанымен, айғақтардың көбі зымыранды Ресей әскері ұшырғанын көрсетті. Ресей билігі бұл қылмысты мойындаудан бас тартты.
Электр станциясы мысалындағыдай, халықаралық гуманитарлық заң бойынша, бейбіт халыққа немесе азаматтық инфрақұрылымға қасақана шабуыл жасауға болмайды. Заң командирлерге мұндай шабуылдың алдын алу жауапкершілігін жүктейді.
Бұл – азаматтық инфрақұрылым қирап, халық қырғынға ұшыраған бірінші жағдай емес. 2024 жылы шілдеде Киевтегі "Охматдет" балалар ауруханасына ресейлік зымыран түсіп, ғимарат қатты бүлінді. Бұл шабуыл қасақана жасалды ма, әлде мүлт кетті ме, ол жағы белгісіз.
Адам құқықтарын қорғаушы белсенділер 2022 жылдың ақпан-мамыр айларында Украинаның Азов теңізі жағалауындағы Мариуполь қаласын Ресей әскерінің қоршауға алуын да соғыс қылмысына жатқызады. Блокада салдарынан мыңдаған бейбіт тұрғын жараланып, қаза тапты. Жүздеген мың адам апталап жарық пен сусыз қалды.
БҰҰ дерегі бойынша, 2022 жылдың ақпанынан бері соғыс барысында 12600 бейбіт тұрғын қаза тапқан, ал былтыр адам шығыны 2023 жылмен салыстырғанда күрт өскен.
Украинаның соғыс қылмыстары бойынша ресми өкілі Юрий Белоусов тергеушілер соғыс қылмысы деп атауға болатын тағы бір қауіпті анықтады дейді:
– Ресей әскері көбіне "қосарлы батырма" әдісін жиі пайдаланады: әуелі бір жерді шабуылдайды, сосын 30-40 минут күтіп, құтқарушылар, полиция мен прокурорлар барған кезде, әлгі жерге екінші мәрте соққы жасайды. Осындай екінші соққы салдарынан біраз тергеушімізден айырылдық. Басқалары соғыс қылмысы жайлы айғақ жинап жүріп жараланды.