ЖАҢАЛЫҚТАР
Қаңтар оқиғасы күндері атымен қоса оққа ұшқан Ерназар Қырықбаев ісі бойынша әскери сот басталды

Бүгін, 20 қазанда Алматы гарнизонының әскери сотында Қаңтар оқиғасы күндері Талдықорған қаласындағы әскери бөлім маңында мал бағуға шыққан 24 жастағы Ерназар Қырықбаевтың оққа ұшуына байланысты сот басталды.
Ерназар Қырықбаевқа оқ атқан деген күдікті, Талдықорған қаласындағы шабуылдаушы әскери десант бөлімінде келісімшартпен жұмыс істейтін Марк Злуняев сот залына келді.
Сотқа айыпталушы Злуняевтің анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Татьяна Злуняева және адвокаты Гульнара Валимова қатысты.
Ерназар Қырықбаевтың әйелі Ботагөз Көптілеуова бала күтімінде отырғанына байланысты онлайн қатысты.
Судья айыпталушы тарап қарсы болғандықтан баспасөз өкілдеріне сот отырысының алғашқы бірнеше минутына ғана қатысуға рұқсат берді.
Сотта ең әуелі – айыпталушы Марк Злуняевті қолданылып отырған шара жөнінде сөз болды. Жәбірленуші тараптың адвокаты Берден Қадыр айыпталушы Марк Злуняевті қамауға алуды сұрады, алайда прокрор Данияр Естеуов Марк Злуняевтің ешқайда кетпеу туралы міндетін орындап жүргенін алға тартып қарсылық білдірді. Сот Марк Злуняевті бостандықта қалдыру жөнінде ұйғарым жасады.
Сот басталған соң көп ұзамай куәгерлер сұралды. Талдықорғандағы шабуылдаушы десант әскери бөлімінің алты қызметкері куәгер ретінде шақырылған. Олардың төртеуі куәлік берді, қалған екеуі келесі сот отырысына қалдырылды.
Куәгер әскери қызметкерлердің сот залына кірмей тұрып Азаттық тілшісіне айтуына қарағанда, күдікті Злуняев "өзіне міндеттелген аумақты күзетіп тұрған". Куәгерлер басқа ақпарат білмейтінін, оқ атылған соң ғана оқиға орнына барғандарын айтты.
Жәбірленуші тараптың өкілі Берден Қадырдың сөзінше, күдікті Марк Злуняев өзіне тағылған айыпты мойындамаған.
- Куәгерлердің сөзі мен сараптамалар Злуняевтің кінәлі екенін көрсетіп отыр. Оққа ұшқан Қырықбаев әскери бөлімге қарсы жүрмеген, өз бетімен кетіп бара жатқан. Өйткені Қырықбаевтың өзіне және мінген атына атылған бес оқтың бәрі қарсы алдынан емес, жанынан тиген,- дейді ол.
Адвокат Берден Қадырдың сөзінше, бастапқыда қылмыстық іс "кісі өлтіру" бабымен қозғалып, кейін "қызметін асыра пайдалану" бабына ауыстырылған.
Айыпталушы Марк Злуняев пен анасы Татьяна Злуняева "баспасөзге қандай да бір пікір айтпау жөнінде қолхат бергендерін" айтып, жауаптан бас тартты.
24 жастағы Ерназар Қырықбаев қаңтардың бесіне Талдықорған қаласындағы әскери гарнизон шетінен өтіп бара жатқанда атымен қоса оққа ұшқан. Оны іздеп барған жұмысшыларға да жауынгерлер оқ атып, қол көтеруге мәжбүрлеген. Жауынгерлер "Тоқта!" деген бұйрыққа бағынбаған салт аттыны атып, жедел жәрдемге салып жібергенін айтқан. Туыстарына Ерназар Қырықбаевтың денесін бір аптадан соң ғана берген.
Оқиғаны тексерген әскери прокуратура көп ұзамай-ақ "әскери қызметкерлердің ісінде қылмыстық сипат бар" деген тұжырым жасаған.
Қаңтардың бесінде Талдықорғанда болған Қаңтар оқиғасы кезінде бірнеше адам қаза болып, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлатылған. Дүрбелең аяқталған соң да екі отбасыға жауынгерлер оқ атып, бес адам өлгені анықталған.
Басқа да жаңалықтар
"Орыс болғаным үшін сынады" деп шағымданған депутат "бәріміз қазақпыз" ғой деп жазба жариялады

"Орыс болғаным үшін сынады" деп шағымданып, ресейлік ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналған Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Никита Шаталов 6 наурызда телеграм-арнасында жазба жариялап, өзінің "орыстан гөрі қазаққа көбірек ұқсайтынын" жазды. Ол жазбасының соңында қазақша "сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ" деп "енді мұндай қайталанбайды" деп жазып қойған.
Жазбасы "Бәріміз қазақпыз ғой!" деп аталады. Бұған дейін ресейлік ақпарат агенттіктері оның "шыққан тегіме байланысты жағымсыз пікірлерге тап болдым" деген пікірін жариялаған. Бұл тақырып желіде қызу талқыланды.
"Мұндай жайт этникалық орыс болғандықтан ғана туындайды деп айтуға мәжбүрмін. Дәл сол себепті" деген депутаттың сөзінен Lenta.ru, РБК және ТАСС агенттіктері мысал келтіреді.
5 наурызда Ulysmedia порталына берген сұхбатында өзін "ресейшіл" деп айыптағандарға жауап берген депутат сынды өзінің шыққан тегімен байланыстырған еді.
Биліктің "Аманат" партиясы атынан мәжіліске сайланған депутат ақпан айында Каспий құбыр консорциумына дронмен шабуыл жасағаны үшін Украинаны жауапкершілікке шақыру қажет деп мәлімдегеннен кейін Қазнетте қолданушылар оны ресейшіл ұстанымы үшін сынаған. Бұған қоса, zakon.kz сайтындағы Шаталовтың ресми биографиясында туған жері ретінде Қазақ ССР деп көрсетілген, бірақ депутаттың өзі Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін яғни, 1992 жылы дүниеге келген.
"Соңғы кездері маған қатысты сан алуан тұспалдаулар айтылып жатыр: біресе "өмірбаянында туған жерін Қазақ ССР-ін әдейі көрсетіп қойған" десе, біресе ресейлік БАҚ менің сөздерімді контекстен жұлып алып, мен айтпақ болған нәрседен басқа жаққа қарай бұрмалап жатыр. Соңғы мәлімдемемді екіұшты түсіндіруге болатынын мойындаймын, бұл менің қателігім. Бірақ толық оқымасаңыз немесе көрмесеңіз ғана" деп жазды 6 наурызда Шаталов.
Ол Қазақстаннан басқа туған елі жоқ екенін де атап өткен.
"Мынадай қанатты сөз бар: "Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ!". Мұндай оқиға енді қайталанбайтынына сенімдімін" деді депутат.
Ресейлік пропагандистер мен мен саясаткерлер Қазақстандағы русофобия мен орыстарды кемсіту туралы бұрын да бірнеше рет айтқан. Олардың кейбірі Украинадан кейін Қазақстанды «денацификациялауға» шақырған. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстанды мұндай айыптаулар Кремльдің ұстанымы емес екенін атап өткен.
Қазақстан билігі Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптамаған және қолдаған да жоқ. Ресми Астана Мәскеу аннексиялап алған Украинаның аймақтарын Ресейдің жері деп мойындаған емес. Украина мен Ресей арасындағы соғыста бейтарап позиция ұстануға тырысатын Қазақстан бұл мәселеде қандай да бір тарапқа үзілді-кесілді баға беруден тартынады. Әйткенмен 2024 жылы қыркүйекте Германия канцлері Олаф Шольц Астанаға сапармен келген кезде президент Тоқаев "әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық" деп мәлімдеді. Ол осы сөзін кейінгі форумдарға тағы қайталады.
Қазақстан құрамында Ресей бар бірнеше одаққа мүше, экономикалық жағынан да оған кіріптар, мысалы, Еуропаға шығатын қазақ мұнайының басым бөлігі Ресей аумағынан өтетін құбырмен жөнелтіледі.
Атыраулық шаруа былтыр тасқын қиратқан үйі мен қорасының өтемақысын әлі ала алмай жүр

Атырау облысының Махамбет ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен шаруа Төленбай Аманбаев әлі күнге дейін үйі мен қорасының өтемақысын ала алмай отыр. Мұны Азаттыққа шаруаның өзі айтты.
Тасқын кезінде Аманбаевтың «Шабай» шаруа қожалығындағы үй-жайы мен қора-қопсысы су астында қалған. Ол үйді 2013 жылы салыпты. Бүгінде төрт бөлмелі баспанасы қирап, үйіндіге айналған. Бағалау комиссиясы шығын толық есептелмейінше, ештеңені қалпына келтірмеуге кеңес берген. Аманбаев қожалығының шығыны 33 млн теңге деп бағаланған. Облыс әкімдігі бұл шектен тыс сома деп, ауданға қайта қарауға жіберген. Бірақ аудан әкімдігі шығын сомасын сол күйінде қалдырған.
Аманбаев үйі мен қорасы үшін өтемақы бойынша былтыр 19 сәуірде өтініш тапсырған. 33 млн шығыннан бөлек, осыған дейін «Шабай» шаруа қожалығына 7 гектар жоңышқа алқабы мен 50 жеміс ағашына 1 млн 841 мың 965 теңге көлемінде өтемақы төленген.
Қазір шаруа қыстағына малын суарып, жемдеп-бағып, қораларын тазалау үшін үшін күніне үш-төрт рет келуге мәжбүр. Үйі мен қыстағының арасы 8 шақырымдай. Қыстақтағы үйі суға кеткелі бірнеше сағат қараусыз қалған мал қатты аязда шығынға да ұшыраған. Екі сиыр, төрт бұзауы өлген. Қазір қожалығында 80-ге жуық сиыр, 70-ке жуық жылқы бар. Қазіргі кезде оларды бағу барған сайын қиындап барады.
Шаруа бағалаушылар тасқында қираған үй мен қораға тиіспеңдер десе де, қыста мал үсіп қалмас үшін жақын жерден қора салған. Оған 5 млн теңге жұмсаған.
Биыл Махамбет ауданына да су тасқыны қаупі төніп тұр. Аманбаев өтемақы алған соң, жаңа үйді басқа жерден салуды жоспарлап отыр.
-Былтыр желтоқсанда құжатты кері тапсырғанда облыс әкімдігі Махамбет ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі шаруа қожалығымның тасқынға дейін жұмыс істегенін растау туралы анықтама беруін талап еткен. Енді биыл кері құжат тапсыруға барғанда осы ақпанда ұлттық экономика министрлігінің өтемақы туралы бұйрығы шықты деп, құжат толтыру ережесінде өзгеріс бар деп, комиссия қайтадан құжат тапсыруға жіберді. Тасқыннан зардап шеккенімді растау үшін қайтадан құжат тапсырғалы жүрмін. Қала мен ауылдың, ауыл мен қыстақтың арасында сенделіп жүрміз. Үйсіз далада тұру оңай емес, - дейді Төленбай Аманбаев.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хатшысы Руслан Жұмағазиев 6 наурызда Азаттық сауалына Аманбаевтың үйі мен қорасының суға кеткенін дәлелдейтін құжаттарын биыл өтемақы төлеу ережесіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, кері тапсыруы тиіс екенін қайталады. Оның сөзінше, бүгінге дейін тасқын кезінде зардап шеккен 112 шаруаның өтініші қанағаттандырылып, 1 млрд 117 млн 746 мың 112 теңге өтемақы төленген.
Тасмағамбетов: Еуропа Украинаға әскер жіберсе, ҰҚШҰ "түрлі көмек нұсқаларын" қарастырады

Украинада Еуропаның бітімгер әскерін орналастыру аймақтағы жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін деді Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов ресейлік "Известия" басылымына берген сұхбатында.
"Осы күнге дейін бұл (Еуропаның әскері) контингент ресми түрде болмаған. Бұл аймақта қауіпті жағдай тудыруы мүмкін" деді Тасмағамбетов.
"Мұндай қатер туындай қалса, ҰҚШҰ ұйымның жарғылық құжаттары аясында, ұйымға мүше мемлекеттердің барлығымен келісе отырып түрлі көмек нұсқаларын ұсынуға дайын болады" деді ол.
Оның айтуынша, "экономика мен әлеуметтік салада өршіп жатқан негатив құбылыстардан шаршаған халық өз үкіметтерінің мұндай шешімін қолдай қоюы да екіталай".
Тасмағамбетов сұхбатта Францияның ядролық держава ретінде Еуропа елдерін "ядролық қалқаға" алу туралы ұсынысына да пікір білдірген. Ол Францияның саяси билігі осындай ұсыныс арқылы "Еуропадағы өзінің позициясын нығайтқысы келеді" деді.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі бұған дейінгі сұхбаттарында да Кремльдің Батысқа қарсы тұжырымдарын қайталаған еді. Былтыр күзде Ресей басшысы Владимир Путин Астанадағы ҰҚШҰ саммитінде Украинаға "Орешникпен" тағы соққы жасайтынын айтып, Киевті де нысанаға алуы мүмкін екенін айтып сес көрсеткен. Ізінше Тасмағамбетов Ресей астанасында өткен баспасөз жиында Батыс елдеріне қатысты "дос емес елдер" тіркесін пайдаланып, НАТО-ның Ресей мен Беларусьқа "гипотетикалық шабуылы" туралы айтқан.
2024 жылғы 28 қарашада ҰҚШҰ-ның Астанада өткен саммитіне қатысқан Ресей президенті Владимир Путин "Орешник" баллистикалық ракетасымен "Киевтегі шешім қабылдайтын орталықтарға" соққы жасалуы мүмкін екенін айтып, сес көрсеткен.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы - 1992 жылы негізі қаланған, құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіретін әскери-саяси ұйым. Жарғысы бойынша, ұйымға мүше елдердің біріне шабуыл жасалған жағдайда басқа елдерден оған әскери көмек көрсетеді. Таулы Қарабақ төңірегінде Әзербайжанмен арадағы қақтығыс кезінде "көмек көрсетпегені" үшін Армения премьер-министрі 2024 жылы бұл ұйымнан шығатынын мәлімдеген. ҰҚШҰ жалғыз мәрте - 2022 жылғы қаңтарда Қаңтар оқиғасы кезінде стратегиялық маңызды нысандарды "террористерден" қорғау үшін Қазақстанға аз уақытқа әскер кіргізген.
Иманғали Тасмағамбетов - Қазақстан билігінде лауазымды қызметтер атқарған адам. Ол әр жылдары Атырау облысының, Алматы және Астана қалаларының әкімі, қорғаныс министрі және Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметтерін атқарған. 2002-2003 жылы премьер-министр болған. 2023 жылғы қарашадан штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы.
Бас прокуратура Арғын Нығматулинге халықаралық іздеу жарияланғанын растады

Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинге халықаралық іздеу жарияланды. Ақпаратты бейсенбі, 6 наурызда сенат кулуарында бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев растады.
"Халықаралық іздеу әрдайым Интерпол арқылы жүргізіледі. Құқық қорғау органдарымыз мұны өз бетімен жасай алмайды. Интерпол арқылы қызыл бюллетень шығарылады, содан кейін Интерпол белгілеп, есеп береді" деді Әсет Шыңдалиев.
Үш күн бұрын Арғын Нығматулинге іздеу жарияланғаны хабарланған. Іздеу ісі Астанада тіркелген.
69 жастағы Арғын Нығматулин 10 жылдай Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы "Жылжымайтын мүлік орталығын", ал 2006-2018 жылдар аралығында Қарағандыдағы "Сарыарқа" хоккей клубын басқарған. Былтыр клуб мемлекет балансына қайтарылған. Сол уақытта прокуратура оның жекеге өту заңдылығын тексеріп жатқанын хабарлаған. Арғын Нығматулин Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болған.
Арғын – ағайынды Нығматулиндердің үлкені. Бауыры Нұрлан Нығматулин 8 жыл Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – мәжіліс төрағасы болды. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін өкілетін тоқтатқан.
Нұрланның сыңары Ерлан Нығматулин – кәсіпкер әрі ұзақ жыл мәжілісте және сенатта депутат болған. Forbes Қазақстан журналы 2021 жылы оны елдегі ең ықпалды кәсіпкерлер қатарына қосқан. Былтыр Азаттық радиосы "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуінде Нығматулиндердің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ондаған жылжымайтын мүлкін көрсеткен. Ондағы үйлердің бірі Арғын Нығматуллиннің әйелі Найле Белбаеваға тиесілі екені айтылған. Арғын Нығматуллин Азаттық тілшісіне "қылмыс жасадық па, мен зейнеттегі адаммын, енді қоңырау шалма" деп жауап берген еді.
Арғын Нығматулин іздеу салу ісі бойынша Азаттық сұрағына әлі жауап бермеді.
Бас прокуратура Шерзат Полаттың үйін өртегендер әлі табылмағанын айтты

Алматы облысы Талғар ауданында кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың үйін өртеді деп күдікке ілінгендер әлі табылмады. Бұл жөнінде 6 наурызда бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев мәлімдеді.
"Тергеу жалғасып жатыр. Сотқа дейінгі тергеудің қорытындысы қандай болатынын қазір айта алмаймын. Бірақ қандай да бір ақпарат пайда болса, қоғам өкілдеріне хабарланады. Әзірге [күдіктілер] жоқ. Ондай ақпарат жоқ" деді Әсет Шыңдалиев бейсенбі күні сенат кулуарында. Оның сөзінен үзіндіні ҚазТАГ келтіреді.
Бас прокурордың орынбасарының сөзінше, 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасына қатысты іс бойынша қазір прокурорлар айыптау актісін әзірлеп жатыр.
"Қылмыстық тергеу толық аяқталды. Іс прокуратура органдарына қарастыру және айыптау актісін жасауға жолданды. Қазір Алматы облысының прокуратурасы жүргізілген тергеу амалдарының заңдылығын зерттеп, соның нәтижесіне қарай оны сотқа жіберу бойынша шешім қабылданады. Нақты мерзімін айта алмаймын, себебі заң бойынша мұндай шешімдер он күн ішінде қабылданады. Егер іс күрделі, көп эпизодтан тұрса, онда прокурорлардың мұндай шешімдерді бір ай ішінде қабылдауға мүмкіндігі бар" деді Шыңдалиев.
Ресми ақпаратқа қарағанда, тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған. Қылмыстық істе 62 том бар.
- 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда жасөспірімнің отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкен маңында қаза болған. Сатып алушылардың бірімен болған даудың соңы жанжалға ұласып, ол достарын шақырып, суық қару қолданылған. Оқиғадан соң қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Бұған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
- Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысы бар" деген күдікке ілінген сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша күдікті үш адам сот санкциясымен қамауға алынған еді.
- Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Аудан тұрғыны Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
- Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Полаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.
- Былтыр 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың туысы Нұрғанат Ғайыпбаев қайтыс болды. Полиция "марқұм өзіне қол салған" деген алдын ала болжам барын хабарлады. Марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
- Нұрғанат Ғайыпбаевтың қазасынан кейін Шерзат Полаттың жақындары әкімшілік жауапқа тартылды. Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 күнге қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.
- Ақпанның соңында Алматы облыстық полиция департаменті Талғар қаласында кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу амалдары аяқталғанын хабарлаған.
АҚШ Украина оппозициясымен сайлау туралы жасырын келіссөз жүргізген

АҚШ президенті Дональд Трамптың айналасындағы төрт лауазымды тұлға Украина оппозициясымен президент сайлауы туралы жасырын келіссөз жүргізген. Бұл жөнінде аты-жөндерін айтпаған Жоғарғы раданың үш депутаты мен АҚШ-тағы Республикалық партияның сыртқы саясат бойынша сарапшысы Politico басылымына айтқан.
Келіссөз Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко мен бұрынғы президент Петр Порошенкомен болған. Онда Ресеймен атысты тоқтатуға келіскеннен кейін бірақ бейбітшілік келісім жасаспай тұрып Украинада президент сайлауын өткізу мәселесі талқыланған.
Америка жағы Украинаның қазіргі президенті Владимир Зеленскийдің сайлауда жеңілетініне сенімді, өйткені халық соғыстан әбден мезі болған және елдегі "жемқорлықтың етек жаюына" наразы. Бірақ соңғы сауалнама керісінше жағдайды көрсеткен. Лондондық Survation орталығы жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, Зеленскийге сұралғандардың 44% дауыс береміз деп айтқан. Ал бұл көрсеткіш Порошенкода - 10%, Тимошенкода – 6%.
Украинада президент сайлауы 2024 жылдың мамыр айында өтуі тиіс болған, бірақ Ресей басқыншылығына байланысты елде күшіне енген әскери жағдайға байланысты өтпеді. Украинада тезірек сайлау өткізу идеясын Кремль белсенді түрде алға тартып, Зеленскийді «заңсыз президент» деп атаған. Зеленскийдің өзі Украина НАТО-ға қабылданған жағдайда ғана соғыс аяқталмай тұрып отставкаға кететінін айтқан.
Тимошенко мен Порошенко да соғыс аяқталмай жатып, сайлау өткізуге қарсы. Дегенмен Politico дереккөзінің айтуынша, олар «өздерін Трампқа жұмыс істеуге оңайырақ болатын саясаткерлер ретінде көрсеткен». Тимошенконың кеңсесі құпия келіссөздер туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді. Порошенко партиясының өкілдері "соғыстан кейінгі әділ сайлауды" қолдайтындықтарын айтқан. Америка жағынан келіссөзге қатысқандар Politico басылымының сұрақтарына жауап бермеген.
Шығыс Қазақстан облыстық соты митингіге рұқсат етпеген Өскемен әкімін кінәлі деп тапты

Шығыс Қазақстан облыстық әкімшілік соты бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы митингіге рұқсат бермеген Өскемен қаласының әкімін кінәлі деп тапты. Шешім 4 наурызда шыққан. Бұл жөнінде Азаттыққа талап-арыздың иесі, белсенді Леонид Карташев бүгін, 6 наурызда айтты.
– Әділ шешім оңайлықпен келген жоқ. Сот отырыстары үш айға созылды. Мені қала әкімдігімен келісімге келіп, арызымды қайтарып алуға бірнеше рет шақырды. Осылай етсем, акция өткізуіме рұқсат бермекші екен. Бірақ айтқанымнан қайтпай, табандап тұрып алдым, – деді Леонид Карташев.
Карташев Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі енгізілген бір жыл ішінде қала әкімдігіне митинг ұйымдастыратынын айтып бірнеше рет хабарландыру берген. Талпынысы сәтсіз болған соң сотқа жүгінген. Сот оның былтыр 2 желтоқсандағы хабарландыруы бойынша өткен.
Судья шешімінде қала әкімінің белсенді акциясын шектеуі «заңсыз» деп жазылған. Судья әкімді белсендіге бір ай ішінде митинг өткізуге мүмкіндік беруге міндеттеді.
Сот шешімінде қала әкімінің аты аталмаған. Сотқа арыз түскен уақытта қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Танекенов болған. Одан бірнеше күн бұрын, 27 қарашада экс-әкім Жақсылық Омар қызметінен кеткен еді. Ал қаланың қазіргі басшысы Алмат Ақышев 11 желтоқсанда тағайындалды.
Белсенді желтоқсанда бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы акцияға рұқсат ала алмаған тұста әкімдік «алаңдар босамайды» деп жауап берген. Бірақ Леонид Карташев межелі уақытта алаңда ешқандай іс-шара ұйымдастырылмағанын анықтап, әкімдікті «сылтау айтқаны үшін» айыптаған. Бұған әкімдік «біз емес, іс-шараны өткізбей қойған ұйымдастырушылар жауап беруі керек» деген. Бірақ әкімдік өкілі қандай іс-шара өткізілмек болғанын және ұйымдастырушы кім екенін айтудан бас тартқан.
Карташев сотқа жүгінгеннен кейін де митингілер өткізуге хабарландырулар берген. Сондай хабарландыруларының біріне, сот жүріп жатқан тұста, 28 ақпанда рұқсат ала алған. Белсенді бұл акцияны 14 наурызға жоспарлап отырғанын айтқан.
2024 жылғы 1 наурызға дейін Қазақстанда екі сағат белдеуі болды. Оны өзгертуді ұсынған шенеуніктер бұрынғы уақыт адамның биологиялық уақыт ритмін бұзады деген уәж айтты. Олар бірыңғай уақыт белдеуінің тағы бір пайдасы: бүкіл ел аумағында бизнес процестерді реттеуге және көлікпен тасу қызметін жеңілдетуге септеседі деді.
Уақыт белдеуі ауысқалы Қазақстанда бұл шешімге қарсылық жиі болып тұрады. Уақытты бұрынғы қалпына келтіруді талап еткен петиция да жарияланып, оған мыңдаған адам қол қойған. Бірақ петицияны қараған құзырлы органдар белсенділер ұсынысын негізсіз деп тапқан.
18 желтоқсанда Астана соты Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары атынан үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуі туралы шешіміне қарсы арыз түсірген адвокаттың меселін қайтарды. Арыз иелері үкіметтің уақытты жылжыту туралы шешімінің күшін жоюды сұраған еді.
Макрон ядролық қауіп төнсе Франция ЕО одақтастарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі мүмкін деді

Франция президенті Эммануэль Макрон сәрсенбі күні кешке телеарналардан мәлімдеме жасап, Ресейдің Еуропаға төндіріп отырған қаупі мен АҚШ саясатының ықтимал өзгеруіне орай ядролық держава Францияның ЕО елдерінің қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесін талқыға шығаратынын мәлімдеді.
Бұған дейін бірқатар БАҚ Франция ядролық қару тасымалдай алатын бірнеше жойғыш ұшағын Германияға орналастыруға дайын екенін жазған. Егер АҚШ Еуропадағы әскерін азайтса немесе әскерін мүлде әкетсе, онда бұл ЕО-ның өзге елдері Америка емес - Францияның "ядролық қалқасында" қалады дегенді білдіреді.
Германияның канцлерлігіне үміткер Фридрих Мерц бұған дейін "ядролық қатысу" тетіктерін қайта қарастыру қажеттігін алға тартқан. Қазір соғыс жағдайында неміс ұшақтары Американың ядролық оқтұмсықтарын пайдалана алатын режим күшінде. Мерцтің сөзінше, Франция Германияға жаңа ядролық қатысу режимін талқылауды ұсынған. Париж ядролық бағдарламалардың қымбаттығына байланысты әріптестікке ынта білдірген. Дегенмен неміс үкіметі бұған келіспеген. Мерцтің сөзінше, АҚШ немесе Ресейге қарағанда Париж бен Лондонның ядролық әлеуеті әлсіздеу.
Уолтц: АҚШ пен Украина жақын арада келіссөз өткізуі мүмкін

Украина мен АҚШ жақын арада Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға бағытталған келіссөздің жаңа кезеңін өткізуі мүмкін. Бұл туралы сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц мәлімдеді. Уолтц журналистерге берген сұхбатында Украинаның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісімен телефон арқылы сөйлесіп, келіссөздің ықтимал орны мен уақытын, сонымен қатар мазмұны мен делегациялардың құрамын талқылағанын жеткізді.
Украина президентінің кеңесшісі Дмитрий Литвин Суспільный басылымына берген сұхбатында Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Уолтцпен телефон арқылы сөйлескенін айтты. Мұны кейінірек Ермактың өзі растап, жақын арада АҚШ пен Украина өкілдерінің кездесуі болатынын жазды.
АҚШ президенті кеңесшісінің сөзінше, Украина президенті Владимир Зеленскийдің бейбітшілік келіссөзге дайын екендігі жөнінде мәлімдемесінен кейін ілгерілеушіліктен үміт етуге болады.
Уолтцтың сөзінше, Украинаға әскери көмекті қайта жалғастыру осы келіссөздің барысына байланысты анықталмақ. Сәрсенбі күні АҚШ-тың Киевке барлау мәліметтерін беруді тоқтатқаны да белгілі болған. Wall Street Journal жазуынша, Трамп Владимир Зеленский Ресеймен бейбіт келіссөзді шындап қолдайтындығына көз жеткізгеннен кейін ғана Украинаға әскери көмекті қайта жалғастыруы мүмкін.
Уолтцтың сөзіне қарағанда, Украинамен келіссөз барысында Америка жағы Ресейге ұсынылатын белгілі бір бастамаларды әзірлемек. Мәселе атап айтқанда, Франция президенті Эммануэль Макрон ұсынған және Украина президенті Владимир Зеленский бір күн бұрын келіскендей болған "жартылай бітім" яғни, ракета соққылары мен теңіздегі соғысқа мораторий жариялау жөнінде болып отыр ма, ол жағы түсініксіз.
28 ақпанда Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі алдын ала жоспарланған келіссөзі көптің көзінше өрбіген дау-дамайдың кесірінен аяқсыз қалғаннан кейін Украина делегациясы Ақ үйден дереу кетіп қалған. Пайдалы қазбаларды өндіру және инвестициялық қор құру туралы алдын ала дайындалған келісімге қол қойылмаған еді. Ізінше Трамп Украинаға әскери көмекті тоқтатты. Бір күн бұрын АҚШ-тың Киевке барлау мәліметтерін беруді тоқтатқаны да белгілі болды.
4 наурызда кешке Конгреске мәлімдемесінде Трамп Зеленскийден маңызды хат алғанын, онда Украина басшысы бейбіт келіссөзге оралуға дайын екенін білдіргенін жеткізді. Зеленский хатта Ақ үйде кездесу "ойдағыдай" өтпегенін айтып, келіссөз үстеліне "тезірек оралуға дайын" екенін білдірген.
Алматы соты белсенді Ермек Нарымбайды бес тәулікке қамады

Алматы қаласының әкімшілік соты белсенді Ермек Нарымбайды бес тәулікке қамады.
Оның үстінен әкімшілік істің қозғалуына Facebook-тағы жазбасы түрткі болған. Жазбада президент, бас прокурор, премьер-министр және өзге де бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың аттары аталады, автор солар туралы желіде тараған ақпарат қаншалықты рас деген сұрақ қояды.
Бұрын шыққан үкім бойынша Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салынған. Осы шешім негізінде белсендіге “сот шешімін орындамады” (669-бап 1-бөлік) деген айып тағылған.
Адвокаты Василий Садықовтың сөзінше, сот кезінде қарсы тарап "Ермек Нарымбайдың айыбын негіздей алмаған". Оның айтуынша, Ермек Нарымбай жазбада ешқандай тұжырым жасамаған және аудиторияға сұрақ қойған. Бұған қоса, белсенді желіде тарап кеткен ақпаратты қайталап басқан.
Қорғау жағы сот қаулысын алғаннан кейін заңға сәйкес тиісінше әрекет ететіндерін айтып отыр.
2022 жылы ақпанда Украинадан Алматыға оралғанда әуежайда бірден қамауға алынып, бір жарым жыл түрмеде отырған белсенді Ермек Нарымбаев жазасы жеңілдеп, 2023 жылы 31 шілдеде бостандыққа шыққан. 2023 жылы қыркүйекте сот Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салған. Белсенді бұған дейін де "сот шешімін орындамағаны үшін" әкімшілік жазаға тартылған.
Лукашенко америкалық блогерге Ресейдің Украинамен келіссөзі және Пригожин туралы айтты

Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко америкалық блогер Марио Науфалға берген сұхбатында Минскіде Ресей, Украина және АҚШ президенттерінің бейбітшілік келіссөзін өткізуге дайын екенін, бірақ араағайындық жасай алмайтынын жеткізді.
"Сондықтан да Трампқа жеткізіңіз: мұнда оны Путин және Зеленскиймен бірге күтемін. Отырып, бәрін сабырлы түрде талқылаймыз" деді Лукашенко.
"Украинадағы соғысты бітіргісі келетін Трамп жарады, бұл тұста оны қолдауға дайынмын" деді Беларусьтің авторитар жетекшісі.
Лукашенко сонымен бірге Трампты "керемет адам" деп мақтады.
"Мен Америкада болғанда оған кейбір мәлімдемелерді жасамауға кеңес берер едім" деді Лукашенко.
Лукашенко сонымен бірге "ЧВК Вагнердің" жетекшісі Евгений Пригожин 2023 жылы жазда бүлік кезінде "ядролық батырмаға ұмтылып", "ядролық қаруды иеленгісі келгенін" айтты. Оның сөзінше, ол орта жолда Пригожинді айнытып, көндіре алған. Осыдан кейін Мәскеуге бара жатқан вагнерліктер колоннасы кері қайтқан.
Лукашенконың сөзінше, Пригожиннің бүлігін тоқтатқаны үшін оны бейресми түрде ЦРУ өкілдері мен MI6 және өзге де Батыс елдерінің барлау қызметтері мақтаған.
Сұхбат барысында Лукашенко өз сөзіне ешқандай дәлел келтірмеген.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин, Трамп және Зеленскийдің келіссөзін Минскіде өткізу мүмкіндігі әлі талқыланбағанын айтты. "Бұл біздің басты одақтасымыз. Сондықтан да біз үшін бұл ең жақсы орын" деді Песков.
Алматыда БҰҰ-ның аймақтық хабы ашылмақ

БҰҰ Бас ассамблеясы Алматыда Орталық Азия және Ауғанстанның орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ аймақтық орталығын құру жөнінде қарар қабылдады. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады.
"Бүгін БҰҰ Бас ассамблеясы 152 елдің бірлескен авторлығымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын Алматыда ашу туралы қарарды консенсус негізінде қабылдады" деп жазылған ресми хабарламада.
Ресми ақпаратқа қарағанда, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшін барлық серіктестеріне алғыс айтқан. Тоқаевтың пікірінше, БҰҰ-ның Аймақтық хабы "халықаралық іс-қимылды үйлестірудің маңызды алаңына айналмақ".
Жаңа орталық БҰҰ агенттіктерін аймақтағы елдердің үкіметтерімен үйлестіреді. Ол БҰҰ-ның Күн тәртібі-2030 атты ғаламдық бағдарламасын ілгерілетумен айналысады. Аталған бағдарламаның күн тәртібінде кедейшілікпен күрес, қоршаған ортаны қорғау, өмір сапасын арттыру және бәріне бірдей мүмкіндік жасау сияқты мәселелер де бар.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Қазақстанда БҰҰ-ның 20-дан астам бөлімшесі істейді.
Әлімжеттік бойынша күдікке ілінген алты оқушының соты басталды

4 наурыз күні Ақтөбе соты төменгі сыныптың балаларына әлімжеттік жасады деп күдікке ілінген 6 оқушының ісін қарай бастады. Сотталушылардың алтауы да Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылындағы мектептің оқушылары. Олар 2024 жылғы 2 қыркүйек күні жасы кіші балаларға әлімжеттік жасап, бір-бірін ұруға мәжбүрлеген. Нәтижесінде Қопа мектебіндегі 9 сыныптың оқушысы Нұржан Сыдық қайтыс болып, тағы 12 бала соққыға жығылған.
Тергеу Қопа мектебінің 6 оқушысына «бұзақылық жасады», «адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді» және «қылмысты ұйымдастырды, оның жасалуына басшылық етті» деп айып тағып отыр. Сотталушылар кәмелет жасына толмағандықтан прокуратура жабық сот өткізуді сұрады. Судья Жанат Бекенова жабық сот болады деп шешті.
- Біз бұл процестің ашық өткенін қалап едік. Бірақ судья жабық болады деп шешті. Соттан әділдік талап етеміз. Оқиға болған жерде жалпы саны 18 оқушы болған. Менің інім өлім халінде жатқан кезде ересек балалар жедел жәрдем шақыруға рұқсат етпеген, ата-анасына да хабар бергізбей қойған. Соның салдарынан інім жедел жәрдем келгенше өліп кетті. Бұл іс бастапқыда «кісі өлтіру» бабымен қозғалған болатын. Кейін қайта дәрежеленді. Біз оған наразылық білдіріп, Қазақстанның бас прокуратурасына дейін бардық. Ендігі үмітіміз сотта. Соттың әділ әрі заңды шешім қабылдауын сұраймыз. Өйткені бұл тек менің бауырымның ісі емес, бүкіл қоғам үшін өзекті мәселе, - деді мектептегі әлімжеттіктен қайтыс болған Нұржан Сыдықтың әпкесі Мереке Қалдыбаева.
Осы оқу жылында 9 сыныпқа барған Нұржан Сыдық 15 жасқа толуына бір ай қалғанда мерт болған. Отбасындағы бес баланың бірі Нұржанның анасы мектепте іс қағаздарына жауапты маман. Жәбірленуші тарап сот басталмас бұрын берген сұхбаттарында Қопа мектебінде әлімжеттік бұрыннан бар екенін, жоғарғы сыныптағылар «тәрбиелеу мақсатында» жасы кіші балаларға қол жұмсап, қоқан-лоқы көрсететін айтқан болатын.
Қопа ауылындағы қайғылы оқиға 2024 жылғы 2 қыркүйекте болған. Артынша 10-сыныпта оқитын екі бала ұсталған, кейін тағы төрт оқушының күдікке ілінгені белгілі болды.
Бас прокурор Берік Асылов "бұл жағдай тәрбие берудегі кемшіліктерге байланысты болған, салдарынан жасы үлкен балалар кішілерге әлімжеттік жасап, бірін-бірін ұруға мәжбүрлеген" деп мәлімдеді. Асылов Х желісінде оқушы қазасына байланысты қозғалған қылмыстық істі тергеу барысын жеке бақылауыма алдым деп жазды.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылғы желтоқсанда балалардың денсаулығы мен әл-ауқатына байланысты зерттеуінде мектеп оқушыларының 17,5 пайызы оқтын-оқтын буллингіге ұшырайды деген.
ҚМА: Өскемен мен Семейді жарықтандыру кезінде 2,5 млрд теңге талан-таражға түскен

Қаржы мониторинг агенттігі 2019 жылдан бері Өскемен мен Семей қалаларының көшелерін жарықтандыру жұмысы кезінде 2,5 млрд теңге «заңсыз» жұмсалғанын анықтады. 4 наурызда агенттік Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне қарасты компания басшыларының үстінен бір жыл бұрын қозғаған істі аяқтап, сотқа жолдағанын хабарлады.
«Бюджет қаражатын жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану, заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату фактілері бойынша «Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік-жекеше әріптестік аймақтық орталығы» компаниясының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі аяқталып, сотқа жолданды», деп жазылған ресми ақпаратта.
Агенттіктің мәліметі бойынша, күдіктілер «Өскемен және Семей қалаларындағы көше жарықтандыру жүйелерін жаңғырту» деп аталатын жоба арқылы жалған актілерге қол қойып, жабдықтар мен жұмыстардың құнын арттырып көрсеткен. Яғни талапқа сай келмейтін жарықтандыру құралдарын қымбатқа сатып алған. Заңсыз жұмсалған ақшаның сомасы – 2,5 млрд теңге.
Ал Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аймақтық орталығының басшысы сенімді адамының атына компания тіркеп, оны қаражатты жымқыру үшін мердігерлік ұйым ретінде пайдаланған. Құзырлы орган тергеушілерінің анықтауы бойынша, күдікті қылмыстық жолмен тапқан 265 млн теңге қаражатына элиталық үй мен көлік сатып алып, оны «тәркілеуден жасыру үшін» сенімді адамының атына тіркеген. Сот санкциясымен аталған мүліктердің қожайынына мүліктерге иелік етуге тыйым салынған.
Күдіктілер қамауға алынған. Агенттік сот үкімі шыққанға дейін олардың аты-жөнін ашық көрсете алмайтынын жазды.
Өскемен мен Семей көшелерін жарықтандыру жобасы 2019 жылы басталған. Оның аясында электр қуатын үнемдеу және жарық сапасын арттыру мақсатында ескі жарықтандыру құралдарын қуаты тиімді жарықдиодты шамдарға ауыстыру көзделген еді. Ол кезде екі қала Шығыс Қазақстан облысының құрамында болатын.
Қоғам белсенділері "жоба іске асырылып жатыр делінсе де Өскемен мен Семейде көшелер қараңғы, жолаушылар өміріне қауіп күшейді" деп шағынған. Өскеменде жолаушыларды көлік қаққан бірнеше оқиға болған. Тоғас көшесінде бір жолаушы көлік астына түсіп қайтыс болғаннан кейін тұрғындар көшені жауып, жолдардың қараңғылығына шағым айтқан. Әкімдік осыдан соң бір күн ішінде көшеге бағдаршам орнатқан. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Азаттыққа жарықтандыру проблемалары жол апатына душар етіп жатқанын растаған.
«2023 жылы Өскеменде қараңғы мезгілде жасанды жарық жеткіспейтін учаскелерде 14 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 1 адам қаза тауып, 16 адам зардап шекті» деген полиция департаменті 2024 жылы жолдаған жазбаша жауабында.
Азаттық тілшілері жобаның орындалуы бойынша зерттеу жүргізіп, қаржы бөлінсе де жарықтандырылмаған көшелерді анықтаған.
Шығыс Қазақстан әкімдігіне қарасты мемлекеттік-жекеше әріптестік аймақтық орталығы бұл жобаны іске асыру үшін Еуропа қайта құру және даму банкінен 3,6 млрд теңге несие алған еді. Бұған қоса жобаға бюджеттен 1,2 млрд теңге де салынған. Екеуін қоса есептегенде, жоба құны 4,8 млрд теңге болған.
ЕҚДБ-дан несие алу келісімшарты 2017 жылы жасалған. Несиені қос қалаға да Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне қарасты мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығы арқылы алды. Сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметов ЕҚДБ-нің Лондондағы кеңсесіне барып, әртүрлі жиындарда банк өкілдерімен меморандумдарға қол қойып, олармен тығыз қарым-қатынаста екенін БАҚ өкілдеріне айтып жүрді.
Көше шамдары мәселесін тергеу қоғамда наразылық күшейген тұста басталды. Шығыс Қазақстан облысына 2023 жылы әкім болып барған Ермек Көшербаев былтыр ақпанда Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған несиені «халықтың ақшасынан қайтарып жатырмыз» деп айтқан.
Алдын ала қорытынды: "Жомарт" кенішіндегі апатқа метан жарылысы себеп

Жеті адамның өмірін қиған "Жомарт" кенішіндегі апатқа метан жарылысы себеп.
Үкімет комиссиясы апатты тергеудің алдын ала қорытындысын жариялады.
“Комиссия тау-кен қазбасынан метанның жиналуы мен бөлінуі, содан кейін электр жабдықтарының ұшқынынан жарылыс болуы сияқты апаттың негізгі себебін анықтады. Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша айтарлықтай ереже бұзушылықтар анықталып, жауапты тұлғалар тобы белгілі болды” деп жазылған ресми хабарламада.
"Қазақмыс" корпорациясына тиесілі кеніште жұмыс тоқтап тұр.
Комиссия өкілдері шахта ішінде газ мөлшерін анықтайтын жүйені орнату, видеобақылау жүргізу және өзге де қауіпсіздік шараларын енгізу туралы талап қойған деп айтылады.
- 17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында "Қазақмыс" корпорациясының "Жомарт" кенішіндегі шахтада апат болып, жеті жұмысшы жер астында қалып қойған. Ертесінде таңертең төтенше жағдайлар министрлігі жетеуі де қаза болғанын, құтқарушылар оларды шахтадан алып шыққанын хабарлады.
- Оқиғаға байланысты үкімет комиссиясы құрылып, тергеу басталған.
- Компания бастапқыда "тау жынысы опырылып түсті" деп хабарлаған еді. Кейін мұны жоққа шығарды.
- "Қазақмысқа" тиесілі шахталар мен кен орындарында жұмысшылардың қаза болғаны жайлы ақпарат жиі шығады. Қаңтар айында осы корпорацияға тиесілі Шығыс Жезқазған кенішінің "Анненск" шахтасында өндіріс орнында бір жұмысшы қаза болған. Корпорация сол кезде оны "жазатайым оқиға" деп атап, оқиғаның себебі анықталып жатқанын айтқан.
- "Жомарт" кеніші – Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. "Қазақмыс" корпорациясы Қазақстанның орталығында мыс өндіреді, кен байыту фабрикалары бар және Ұлытау облысындағы негізгі салық төлеуші әрі жұмыс беруші болып саналады. Корпорацияның мәліметінше, оның үш өндіріс орнында (Балқаш, Жезқазған, Қарағанды) шамамен 37 мың адам жұмыс істейді.
- "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper. Оны миллиардер Владимир Ким (Forbes басылымы оның байлығын 3,6 млрд доллар деп бағалаған) және Эдуард Огайға (Forbes мәліметінше, 800 млн доллардың иесі) тиесілі Kazakhmys Holding Limited басқарады.
Трамп Зеленскийдің бейбітшілікке дайын екенін мәлімдеп, Еуропаны Ресей мұнайы мен газын сатып алды деп жазғырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйге оралғалы бері алғаш рет Конгрестің қос палатасына жолдау жасап, бірнеше аптаны қорытындылады. Шамамен екі сағат бойы ол "Американың оралуы туралы" айтып, "Америка тарихындағы ең ұлы кезеңнің басталғанын" сөз етті.
Ол сыртқы саясат мәселелеріне сөзінің соңғы бөлігінде тоқталып, Ресейдің Украинаға басқыншылығы туралы айтты. Ол Украина президенті Владимир Зеленскийден хат алғанын, онда Украина басшысы бейбіт келіссөзге оралуға дайын екенін білдіргенін жеткізді.
"Бүгін Украина президенті Владимир Зеленскийден маңызды хат алдым. Хатта "Украина бейбіт келіссөзге мүмкіндігінше жылдам оралғысы келеді. Бейбітшілікті украиналықтардан артық ешкім қаламайды" деп жазылған" деді Трамп.
Оның сөзінше, Зеленский сонымен бірге пайдалы қазбалар туралы келісімге "кез келген уақытта қол қоюға дайын" екенін мәлімдеген. Трамп бір мезетте Ресей жағынан да бітімге келуге дайын екендігі жөнінде айқын сигналдар келіп түскенін жеткізді.
"Украинадағы қатыгез соғысты аяқтау үшін тынымсыз жұмыс істеп жатырмын. Миллиондаған украиндар мен ресейліктер бостан-босқа қырылған немесе жараланған. Шегі көрінбейді. АҚШ Украинаның қорғанысын нығайтуға жүздеген миллиард доллар қаражат жіберді" деді Трамп.
"Осының тағы бес жыл жалғасқанын қалайсыздар ма?" деді ол.
Трамп Еуропаға қарағанда АҚШ Украинаны қолдауға көбірек қаражат жұмсағанын тағы айтты.
"Өкінішке қарай, Еуропа Украинаны қорғаудан гөрі Ресей газы мен мұнайын сатып алуға көбірек ақша жұмсады. Осы жөнінде ойлаңыздар" деді ол.
Залда демократиялық партия өкілдері Трамптың саясатына наразылық білдіріп, ысқыра бастап еді, өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон жұртты сабырға шақырып, президенттің сөзін үзбек болғандарды залдан шығарамыз деп ескертті. Кейбір демократтар залдан шығып кетті. Демократ конгресмен Эл Грин залдан күштеп шығарылды.
Трамп өз сөзінде Ресейдің Украинаға қарсы соғысын басқыншылық деп атамады және соғысты аяқтау жоспарын да айтпады. Украинадағы соғыс тақырыбына өтпей тұрып Трамп Панама арнасы жартылай АҚШ-тың бақылауына көшкенін алға тартып, сонымен бірге Гренландияны да бақылауына алады деп сенім білдірді.
Жуырда Украина басшысы Владимир Зеленский 28 ақпан күнгі АҚШ-қа сапары туралы жазба жариялады. Ол кездесу "ойдағыдай" өтпегенін айтып, келіссөз үстеліне "тезірек оралуға дайын" екенін жеткізді.
"Ешқайсымыз соғысты қаламаймыз. Украина ұзақмерзімді бейбітшілікті жақындату үшін келіссөз үстеліне жылдам отыруға дайын. Бейбітшілікті украиндардан артық ешкім қаламайды. Мен және менің командам тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін президент Трамптың мықты басшылығымен жұмыс істеуге дайынбыз" деді Зеленский.
Ол Киев АҚШ-қа көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғыс білдіреді деп АҚШ-тың Киевке танктерді жоятын Javelin кешенін беру туралы президент Трамптың шешімі "жағдайды өзгерткенін" атап өтті.
"Осылай болғаны өкінішті. Жағдайды түзететін кез келді. Біз одан әрі ынтымақтастық пен қарым-қатынастың конструктивті болғанын қалаймыз" деп жазды ол.
Зеленский Украинаның кез келген уақытта және кез келген ыңғайлы форматта пайдалы қазбалар мен қауіпсіздік туралы келісімге қол қоюға дайын екенін жеткізді.
28 ақпанда Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі алдын ала жоспарланған келіссөзі көптің көзінше өрбіген дау-дамайдың кесірінен аяқсыз қалғаннан кейін Украина делегациясы Ақ үйден дереу кетіп қалған. Пайдалы қазбаларды өндіру және инвестициялық қор құру туралы алдын ала дайындалған келісімге қол қойылмаған еді.
Ақтөбеде украиншыл блогер Көнекбаевқа қозғалған іс қысқартылды

Ақтөбеде украиншыл блогер Рустам Көнекбаевқа «ұлттық алауыздықты қоздыру» бабымен қозғалған қылмыстық іс қысқартылды. Бұл туралы Азаттыққа блогер Көнекбаевтың өзі хабарлады.
Рустам Көнекбаевтың сөзінше, ол 3 наурыз күні Ақтөбедегі Зауыт полиция бөліміне барып, қылмыстық істің қысқартылғаны туралы құжаттармен танысқан.
-174-ші баппен қозғалған қылмыстық іс аясында менің YouTube арнамдағы видеоларға сараптама жасалған екен. Сарапшылар ұлттық алауыздықты қоздыру белгілері жоқ деп тапқан, - дейді блогер Көнекбаев.
YouTube-тағы жазылушыларына «Дарий Великий» деген атпен танылған блогер өз арнасын 2024 жылғы қазан айында ашқан. Айтуынша, 18 мыңға жуық жазылушысы болған. Биыл ақпан айында украиншыл блогердің арнасын хакерлер бұзып, жаңасын ашуға мәжбүр болады. Қазір екі мыңдай ғана жазылушысы бар.
Рустам Көнекбаевтың сөзінше, ол ақтөбеліктердің арасында Украина-Ресей соғысы туралы сауалнама жүргізіп, Z-блогерлерді әшкерелеумен айналысады.
- Билік қылмыстық іс қозғап, соғысқа қарсы адамдардың аузын жапқысы келеді. Бірақ Астанадағы Масленица мерекесінде Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин «жеңісті асыға күтіп жүрміз» дегенде үнсіз қалды. Мен ұлттық алауыздықты қоздырушы емеспін. Мен соғысқа қарсымын! Соғысқа қарсы болу - орыс халқына қарсы болу деген сөз емес, - дейді блогер Рустам Көнекбаев.
Ақтөбе полициясы блогер Рустам Көнекбаевтың үстінен «ұлттық алауыздықты қоздыру» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын растады. Полицияның мәліметінше, сараптама тағайындалып, оның қорытындысы бойынша қылмыс құрамы болмағандықтан блогер Көнекбаевтың ісі қысқартылған.
Ақтөбе облысында оқушылармен апатқа ұшыраған жаттықтырушы шартты жаза алды

Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық соты тоғызқұмалақшы балаларды жеке көлігімен алып келе жатып, жол апатына ұшыраған жаттықтырушыға 1 жыл 6 ай бостандығынан айыру жазасын шартты түрде кесті. Сот үкімі 3 наурыз күні шыққан.
Үкім заңды күшіне енген жағдайда Мәртөк спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрлыбай Жұмабай үш жылға көлік жүргізу құқынан да айырылады.
Тергеу материалдарына қарағанда, Мәртөк аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрлыбай Жұмабай 2024 жылғы 14 қарашада оқушыларды мектептен алып кеткен. Ол спорт мектебіндегі жаттығудан соң жеке көлігімен алып шығып, қайта мектепке апармақ болады. ВАЗ-2170 маркалы көлікте жаттықтырушыдан өзге екі ұл мен екі қыз бала болған.
Мәртөктегі №4 орта мектептің 5-сынып оқушысы Айару Серік жеңіл көліктің алдыңғы орындығына отырған. Жаттықтырушы Мәртөктің көшесінде басты жолмен келе жатқан көлікке жол бермей, екі көлік бір-біріне соғылып, оқушы қыз терезеден сыртқа ұшып түскен. Жол апатынан соң 54 күн ес-түссіз жатқан ол 2025 жылғы 6 қаңтарда Ақтөбедегі балалар ауруханасында қайтыс болды. Жаттықтырушының көлігінде болған өзге үш бала аман.
Тергеу 32 жастағы жаттықтырушыға «көлік құралын пайдалану қағидасын бұзды» деген айып тақты. Сотталушы өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, істі қысқартылған тәртіппен қарауды өтінген.
Мәртөк аудандық сотының ақпаратынша, сотталушы оқушы қыздың отбасына материалдық көмек көрсетіп, тараптар медиация тәртібімен келісімге келген. Яғни, Айарудың отбасы жаттықтырушыны кешірген. Мұны жол апатынан қаза болған оқушының шешесі Қатира Қалилаева да растады. «Қызымның рухы тыныш болуы үшін бұл туралы сөйлескім келмейді» деді ол Азаттыққа.
Мәртөк аудандық білім бөлімінің басшысы Әсет Есалиннің сөзіне қарағанда, жаттықтырушы Жұмабай тоғызқұмалақшы балаларды жарысқа дайындау үшін қолхат жазып, мектептен алып кеткен. Жол апатынан соң Айару Серік оқыған №4 мектептің директорына ескерту берілген.
Ақтөбе облысында мектеп оқушылары мінген көліктің жолда апатқа ұшырауы алғаш рет емес. 2022 жылғы желтоқсанда Темір аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары оқушыларды жарысқа жеке көлігімен апара жатқан кезде апатқа ұшыраған. Көлікте 9 оқушы мен жаттықтырушы болған. Бір оқушы мерт болып, төрт бала мен жаттықтырушы ауыр жараланған.
2023 жылғы 19 желтоқсанда Ақтөбе облысы Жаныс би ауылынан шыққан Toyota Alphard көлігі республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңіне бара жатып, Ырғызға 50 шақырым қалғанда апатқа ұшыраған. Самара – Шымкент бағытындағы тас жолда үлкен жүк көлігімен соқтығысқан Toyota Alphard-тың салонында екі мұғалім мен 14-16 жастағы бес оқушы болған. Жеңіл көліктегі бір мұғалім мен екі бала тіл тартпай кеткен.
2024 жылғы 7 тамызда Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Қарашатау ауылының балалары Маңғыстау облысында өтетін футбол жарысына бара жатып, жол апатына ұшыраған.Оқушылар мінген Toyota Ipsum маркалы көлігі Хромтау қаласынан 20 шақырым жерде MAN маркалы жүк көлігіне соғылған. Самара – Шымкент тасжолында болған апаттан 8 адам қаза болды. Оның бесеуі – мектеп жасындағы бала.
Қазақстан футбол федерациясы бұрынғы басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл жөнінде қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі хабарлады.
"БАҚ-тан түсіп жатқан сауалдарға жауап ретінде айтсақ, қаржы мониторингі агенттігі Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығының үстінен сотқа дейінгі істі тергеуді бастады" делінген ҚМА баспасөз қызметінің хабарында.
Агенттік заңға сәйкес сотқа дейінгі істің жай-жапсары жарияланбайтынын да ескертті.
Мекеме нақты адамның атын атамағанымен, қазақстандық ақпарат құралдары істегі негізгі адам – Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бұрынғы басшысы Әділет Барменқұлов екенін жазды. Бұдан бұрын Телеграм-арналар Барменқұлов және федерацияның бұрынғы лауазымды адамдарын тінту жүріп жатыр деген ақпарат таратқан.
Барменқұлов Қазақстан футбол федерациясын 2022 жылдың ақпанынан 2024 жылғы қарашаға дейін басқарған. Бұл аралықта Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының С дивизионындағы тобында жеңіске жетіп, В дивизонына көтерілді. Еуро-2024 турниріне жолдама алуға жақын болып, Словениядан, одан кейін Грекиядан жеңілді.
Барменқұлов Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын шетелдік ойыншыларға қойылған шектеуді алып тастап, ел ішінде дау туған. Барменқұлов лимитті алып тастау арқылы чемпионаттағы бәсекені жоғарылатып, инвесторлар тартпақ болған.
Бұған қоса, ол құрамаға бас бапкер ретінде ресейлік маман Станислав Черчесовті тағайындаған. Черчесов қазақ тілінде сұрақ қойған журналистерді кекетіп, ҚФФ оған айыппұл да салды.
Былтыр жазда Inside the Games басылымы Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (УЕФА) нәтижесі келісілген матчтарға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен Барменқұловтың үстінен тексеру жүргізіп жатқанын хабарлаған.
Әділет Барменқұлов мұнай-газ, көлік саласында жұмыс істеп, "Қазақмыс" корпорациясында жоғары лауазымды қызмет атқарған.
Еуроодақ Ресейдің активтерін Украина қауіпсіздігіне кепілдік ретінде пайдалануы мүмкін

Ұлыбритания, Франция және Германия Украина мен Ресей соғысты тоқтату келісіміне қол қойған жағдайда, қазір Еуроодақта бұғаттаулы жатқан Ресейдің активтерін Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік ретінде пайдалану мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұны өз дереккөздеріне сүйеніп Financial Times газеті жазды.
Басылым Еуроодақтың ірі елдері Ресейдің активтерін тәркілеуге ұзақ уақыт бойы қарсы болып келгенін – ондайды сынға алғандар құқықтық қиындықтарын және мұндай шара инвестициялық ахуалға теріс әсер ететінін алға тартқанын атап өткен. АҚШ-тың Украинаға қатысты саясаты өзгеріп жатқан шақта Франция мен Германия, сондай-ақ Еуроодаққа кірмейтін Ұлыбритания, Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік беру жолдарын іздеп, осы идеяға қайта оралды деп жазған Financial Times.
Бұл жерде әңгіме бейбіт келісім жасалғанға дейін Ресейдің активтері тәркіленбейтіні жайлы болып отыр, Еуроодақтың бірқатар елі осындай ұсыныс айтқан. Алайда, егер Ресей атысты тоқтату туралы келісімді бұзса, онда активтер тәркіленеді.
Франция Президенті Эммануэль Макрон өткен аптада АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескенде активтерді дереу тәркілеу халықаралық құқыққа қайшы болатынын, бірақ осы активтердің жайын бейбіт келіссөздерде талқылауға мүмкіндік барын айтқан. Бұрын БАҚ жазған идеялардың бірі – осы активтерді Украинаны қалпына келтіруге пайдалану мүмкіндігі жайлы еді. Reuters агенттігі дереккөздеріне сүйеніп, егер ол активтердің бір бөлігі қазір Ресейдің бақылауындағы Украинаның аймақтарын қалпына келтіруге жұмсалса, онда Мәскеу бұл ұсынысқа келісуі мүмкін екенін жазды. Активтерді тәркілеу қаупі Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік ретінде қаншалықты тиімді болатыны және Киевтің ондайға келісер-келіспейтіні белгісіз. Мәскеу активтерді тәркілеудің кез келген мүмкіндігін ресми түрде жоққа шығарып отыр.
2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыста бұғатталған қаржының басым бөлігі – шамамен 190 миллиард еуро – еуропалық Euroclear клиринг орталығында сақтаулы жатыр. Сондай-ақ, Ресей активтерінің тағы бір бөлігі АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодақтың бірқатар елінде бұғатталған. Осы активтерден түскен кірістер Еуропа елдерінің Украинаға берген 50 миллиард еуро қарызды қамтамасыз ететін қаражат ретінде пайдаланылып жатыр.
Сербия депутаттары мәжіліс залында тәртіпсіздік ұйымдастырды

Сербия парламенті депутаттары Белградтағы парламенттің мәжіліс залында файер мен түтіндететін шөлмек қолданып, кемі үш адам жараланды.
Ел парламенті - халық скупщинасының оппозицияшыл депутаттары күн тәртібін бекіту жоспарына қарсы шығып, осындай әрекетке барған. Парламент жиынында жоғары білім туралы және жастарға тұрғын үй несиесін беру туралы заңдар қаралуы тиіс болған. Депутаттар отырысқа бойкот жариялап, наразылыққа шығуға шақырған.
Жергілікті Danas басылымының жазуынша, олар спикер Ана Брнабичке өтпек болғанда күзетшілер тоқтатқан. Наразы депутаттар Брнабичтің үстіне су шашқан. Мәжіліс залының ішін түтін басқанда олар "Режимді құлату үшін Сербия бас көтерді" деген плакат жайып тұрды.
Депутаттар осы арқылы бірнеше айға созылған студенттер наразылығына қолдау білдірген.
Парламент спикерінің сөзінше, оқиға кезінде үш әйел депутат - Ясмина Обрадович, Ясмина Каранац және Саня Илич зардап шеккен. Обрадович инсульт алды, қазір оны аман алып қалу үшін дәрігерлер күресіп жатыр. Каранац басынан жарақат алды. Ал аяғы ауыр депутат Иличтің жағдайы туралы мәлімет жоқ.
Шу басылған соң парламент жиыны жалғасқан. Осы кезде парламент ғимараты алдына наразы жұрт жиналған.
Сербияда жаппай наразылық былтыр күзде Нови-Сад теміржол станциясындағы қайғылы оқиғадан соң басталды. Оқиға кезінде станциядағы бетон шатыр құлап, 15 адам қаза тапқан. Демонстранттар кінәлілерді жазалап, президент Александр Вучичтен бастап ел басшылығын түгел отставкаға кетіруді талап етіп келеді. Наразылық өршіген соң, биыл қаңтарда Сербия премьер-министрі Милош Вучевич қызметінен кеткен.
Алматының тергеу абақтысында орын жетіспейді, тұтқындар өзін жаралайтыны рас дейді ҚАЖД

Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Азаттық Азия редакциясының сауалына берген жауабында кейінгі бір жыл бойы экстрадициялық қамауда болып, 15 ақпанда босап шыққан қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратбайдың (Мұратов) №72 тергеу абақтысындағы бірқатар мәселе жайлы сөзін растады.
Белсенді Алматыдағы осы тергеу изоляторында қамауда отырған адамдардың өз денесіне зақым келтіргеніне бірнеше рет куә болғанын айтқан. ҚАЖД қамаудағылар арасында өз-өзіне зақым келтіргендер болғанын мойындады.
"Арнайы контингенттің (қамауда отырғандар – ред.) өз денесін жарақаттап, бөгде заттар жұтуының әртүрлі себебі бар. Мұндай оқиғалар қылмыстық істі жүргізуге, сот шешіміне келіспегендіктен, психологиялық ахуалдың нашарлауынан, отбасылық мәселелерге байланысты, қамауда ұстау тәртібіне, мекеме әкімшілігінің немесе медициналық қызметтің іс-әрекетіне келіспейтіндіктен болады", – деп жазды ҚАЖД Азаттық Азияның сауалына берген жауабында.
Ақылбек Мұратбай тергеу абақтысындағы ереже тыйым салатынына қарамастан тұтқындар ұялы телефон пайдаланатынын және рейд кезінде түрме қызметкерлері тұтқындардан ондай телефондарды тауып алған кезде арнаулы тіркегіш құралға видеоға түсірмейтінін айтқан еді. ҚАЖД сотталған және тергеу кезіндегі қамауда отырғандар адамдардан бірнеше рет ұялы телефон табылып, тәркіленгенін растады. Үй техникасы жөніндегі (Мұратов кейбір камераларда жекелеген тұтқындарға тұрмысқа қажет барлық жағдай жасалғанын айтқан) сауалға ҚАЖД "камераларда теледидардан басқа ешқандай тұрмыстық техника жоқ" деп жауап қатты.
ҚАЖД "тергеу кезінде қамауда отырған адамның өзіне камера мен серіктес таңдауына жол берілмейді, ондай іс-әрекет қылмыстық-атқару заңының талабына қайшы" екені жазылған. ҚАЖД ондай фактілер болғанын растайтын немесе жоққа шығаратын ештеңе жазбаған. Ақылбек Мұратбай "тергеу кезінде қамауда отырғандардың кейбірі қонақүй бөлмесін таңдағандай өзіне камераны, тіпті бірге отыратын серіктесті таңдай алады" деген болатын.
ҚАЖД қазіргі кезде Алматыдағы тергеу абақтысында шамадан тыс көп адам қамауда отырғандықтан тұтқындарға орын жетіспейтінін мойындады.
"Тергеу изоляторында тұрмыстық жағдайға байланысты мәселелер бар, атап айтқанда, арнайы контингент тұрып жатқан камераларда ыстық су жоқ. Гигиена құралдары толық көлемде беріледі. Арнайы контингенттен медициналық қызмет көрсетуге қатысты бірнеше рет шағым түскен, бірақ олар тізімге енгізілмеген дәрі-дәрмек жоқтығына арызданған", – деп жазған ҚАЖД.
Абақтыларды қадағалайтын мекеме жауабын қорытындылай келе, Алматы қаласы бойынша өзіне бағынышты орындарды тексеріп, қадағалау жұмыстары үнемі жүргізіледі және анықталған заң бұзу фактілері бойынша тиісті шаралар қолданылады деп сендіреді. Өрескел заң бұзу фактісі болған жағдайда қызметтік тексеріс жүргізіп, кінәлі адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тартатынын айтқан. Бірақ, "қазіргі уақытта анықталған кемшіліктер туралы ақпарат беру мүмкін болмай отыр" деп жазды ҚАЖД.
№72 тергеу абақтысы (жұрт арасында СИ-18 деп атайды) Алматыдан 20 шақырым жерде орналасқан және Орталық Азиядағы ең үлкен тергеу изоляторларының бірі саналады. Онда Алматыдағы қылмыстық істер бойынша айып тағылған адамдар қамауда отыр.
Еурокомиссия 150 миллиард еуро көлемінде қорғаныс қорын құруды ұсынады

Еуропа қайта қарулану дәуіріне қадам басты. Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен 4 наурызда Брюссельде осылай деп мәлімдеді.
Украина басқыншымен соғысып, АҚШ Киевке қатысты саясатын өзгертіп жатқан шақта Урсула фон дер Ляйен Еурокомиссия Еуроодақтың қорғаныс қабілетін нығайту үшін бірқатар шаралар қабылдауды ұсынатынын хабарлады.
"Еуропа қорғанысқа жұмсалатын шығындарды айтарлықтай көбейтуге дайын. Қысқа мерзімді қажеттілікке жауап қатып, Украинаға қолдау көрсетуге, сондай-ақ ұзақ мерзімді мақсаттарға – өзіміздің еуропалық қауіпсіздігіміз үшін әлдеқайда көп жауапкершілік алуға дайынбыз", - деп мәлімдеді Еурокомиссия жетекшісі.
Еуроодақтың қайта қарулану жоспарының және қорғаныс қабілетін арттыратын басқа да шараларының жалпы бюджеті 800 миллиард еуро болады деп бағаланып отыр. Бұл жоспар 150 миллиард еуроны, соның ішінде Украинаға қару-жарақ сатып алу мен әуе қорғаныс құралдарын, зымырандар мен оқ-дәрілер, сондай-ақ дрондар мен олардан қорғану құралдарын өндіруге арналған несиелер ретінде тартуды да қамтиды. Қаржы осындай мақсатпен құрылатын жалпыеуропалық қордан жұмсалуы мүмкін.
Қалған 650 миллиард еуро Еуропаның инвестициялық банкі, жеке инвесторлар және Еуроодақ мүшелерінің қорғанысқа жұмсалатын шығындарын орта есеппен ІЖӨ-нің 1,5%-на дейін арттыру есебінен тартылмақ. Еурокомиссияның тағы бір ұсынысы – Еуроодақтың дамушы аймақтарындағы жобаларды қаржыландыруға арналған қаражаттарын қорғаныс қажетіне бағыттауға мүмкіндік беру.
Жоспар 6 наурызда Еуроодақтың шұғыл саммитінде талқыланатын болады. Бұған дейін Киевке қатысты ұстанымы өзгелерден басқаша Венгрия мен Словакия Украинаға әскери көмек көрсету көлемін арттыру ұсынысын қолдамауы мүмкін екенін білдірген. Politico басылымының жазуынша, Будапештің ұстанымына байланысты Еуроодақ қазір Украинаға 20 миллиард еуро көлемінде әскери көмек пакетін беру бойынша жұмыстарды тоқтатқан. Сонымен бірге, басылымның дереккөздері Венгрия қорғаныс шығындарын арттыруға келісуі мүмкін, бірақ ол үшін жаңағы шығындар есебінен Украинаға әскери көмек берілмеуі шарт екенін айтқан.
Бұған дейін АҚШ Украина үкіметін тезірек Ресеймен бейбіт келісім жасасуға шақырып, қысым көрсеткеннен кейін Вашингтон Киевке әскери керек-жарақты беруді тоқтатқаны жайлы хабар тараған болатын. Украина мен Еуроодақ АҚШ тарапынан әскери көмек толық тоқтатылған жағдайда оның орнын толтыратын балама жол табу өте қиын болатынын айтып, алаңдаушылық білдірген.
Назарбаев білім қорының меншігінде болған ҚБТУ мемлекетке өтті

Қазақстандық бірқатар БАҚ Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университеті мемлекет меншігіне өткенін хабарлады. Қаржы есебінің депозитариіне сілтеген баспасөз құралдары 27 ақпаннан бастап университетке "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" иелік ететінін жазды.
Депозитарий дерегінде "Қазақстан-Британ техникалық университеті" акционерлік қоғамы осыған дейін "Нұрсұлтан Назарбаев білім қорына" тиесілі болғаны көрсетілген. Қордың негізін қалаушы және құрылтайшысы – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші қызы Динара Құлыбаева.
Университеттің бұқарамен байланыс жөніндегі қызметкері бұл ақпаратты телефонмен растай алмайтынын айтып, сауал-хат жолдауды сұрады.
Forbes басылымы Динара Құлыбаева мен күйеуі Тимур Құлыбаевты Қазақстанның ең ауқатты адамдары деп жазып, ерлі-зайыптының жиынтық байлығын 10 млрд долларға бағалаған.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында мемлекеттің байлығы санаулы адамдардың қолында шоғырланды деп, шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөнінде бастама көтерген. Сөйтіп 2023 жылғы күзде Қазақстан үкіметі "Қайтарылған активтерді басқару компаниясын" құрды.
Биыл ақпанның басында Bloomberg басылымы Тимур Құлыбаев Қазақстан үкіметіне 1 млрд доллар төлеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр деп хабарлаған.
Қазақстанды тәуелсіздік алғалы басқарып келген Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда президенттіктен кетіп, орнына сол кездегі сенат спикері әрі көп жылғы серігі Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. Бірақ өзі президенттіктен кеткенімен Назарбаев мемлекеттік басқару органына ықпалы зор қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын және өзге де қызметтері мен атақтарын сақтап қалды. Сол себепті елде қосбилік орнады деген сөз көбейді.
2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан кетіп, жоғарғы билік тұтастай Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолына өтті. 2019-2022 жылдары Қазақстанда қос билік болғанын Тоқаев кейінгі жылдары ашық айтып жүр.
Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды мен Назарбаевтар әулетінің құдасы болған Қайрат Боранбаевтың үстінен қылмыстық істер қозғалды. 2024 жылғы тамызда жемқорлықпен күрес агенттігі Қайрат Сатыбалды елге 1,6 млрд доллар қайтарды деп хабарлады. 2023 жылғы қыркүйекте қаржы мониторинг агенттігі Боранбаевтың өз еркімен елге 120 млрд теңге қайтарғанын мәлімдеген.
Осы күнге дейін ҚБТУ Динара Құлыбаеваның университеті саналған. Биыл қаңтарда бұрынғы парламент үйінде орналасқан университеттің шатыры өртенген еді.
Қазақстан-Британ техникалық университеті 2001 жылы құрылып, елдегі ең беделді жоғарғы оқу орындарының біріне айналған. Университет Қазақстан білім және ғылым министрлігінің қарамағында болып, әріптестердің қатарына Ұлыбритания елшілігі мен Британ кеңесі кірді.
2003 жылы оқу орны "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына өтсе, 2018 жылы жекешелендіріліп, "Нұрсұлтан Назарбаев білім қорының" меншігіне айналды.
БАҚ: Ресей тұтқынында қаза тапқан украин журналисі Виктория Рощина азапталғанын айтқан

Ресейде тұтқында отырғанда қаза тапқан украин журналисі Виктория Рощина өзін тоқпен азаптағанын айтып берген, ал онымен бір камерада отырған адам журналистің денесінде пышақтан түскен жарақат іздері барын көрген. Бұл туралы "Виканың соңғы тапсырмасы" деп аталатын зерттеу фильмде баяндалған.
Фильмді "Слідство.Інфо" жобасы, "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы мен украиналық "Суспiльне" және "Грати" басылымдары бірлесіп дайындады. Фильмнің авторлары Таганрог қаласындағы Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) қарасты 2-тергеу абақтысында Рощинамен бір камерада отырған әйел адаммен (аты-жөнін атамауды сұраған) сөйлескен.
Ресей әскері басып алған Запорожье облысы аумағында 2023 жылдың тамыз айында тұтқынға түскен журналист Виктория Рощинаны этаппен жөнелткен. Ресей тарапы украин тұтқындарды қамауда ұстайтын тергеу абақтысына жеткізілген кезде Рощинаның денесінде жарақаттар болған. Онымен бір камерада отырған әйел адам журналистің қолында әлі жазылып бітпеген тыртықтар барын көрген.
Виктория Рощина өзін тоқпен әбден азаптағаннан "өне бойы түгелдей көгергенін" айтып берген. Тергеу абақтысында ол әкімшілікке асқазаны ауыратынын, ыстығы көтеріліп, етеккірі тоқтап қалғанын айтып шағынған. Рощина қатты жүдеп, 30 келіге арықтап, төсектен әрең тұратын дейді журналиспен бір камерада қамауда болған адам.
Тергеу абақтысына аты-жөні айтылмаған "ресейлік омбудсмен" барған кезде Виктория Рощинаны оған көрсетпей, тығып ұстаған. Журналисті 2024 жылғы 8 қыркүйекте белгісіз бір жаққа алып кеткен, камераласы оны соңғы рет сол жолы көрген.
- Журналист Виктория Рощина бірқатар басылымдармен, соның ішінде Азаттық радиосының Украин қызметімен әріптес ретінде жұмыс істеп, Ресей Украинаға кең көлемді басқыншылық жасаған кезден бастап соғыс барысы туралы хабарлар дайындады. 2023 жылдың тамыз айында Запорожье облысының Ресей әскері басып алған аумағында тұтқынға түскен. Виктория Рощина Таганрогтан Мәскеуге этаппен кетіп бара жатқанда қазаға ұшырағаны 2024 жылғы 10 қазанда белгілі болды. Украина бас барлау басқармасы журналист Ресеймен тұтқын алмасу тізімінде болған деп хабарлады.
- Рощинаның әкесіне Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Виктория 19 қыркүйекте қайтыс болған. Оның қазасының жай-жапсары белгісіз. "Адам құқығы үшін медиа бастамасы" ұйымының өкілі Татьяна Катриченко құқық қорғаушылардың мәліметіне сүйеніп, 2024 жылдың мамыр айынан қырқүйекке дейін Виктория Рощина Таганрогтың 2-тергеу абақтысында бір кісілік камерада қамауда болған деп хабарлады. Сол абақтыда отырған, кейін тұтқын алмасу арқылы Отанына оралған украин азаматтары ол түрмеде жүйелі түрде азапталғанын айтып берген. Украина бас прокуратурасы Виктория Рощинаның қазасына байланысты қылмыстық іс қозғады. Бұл іс соғыс заңдары мен ережесін бұзу және қасақана кісі өлтіру қылмысы ретінде тергеледі.
ПІКІРЛЕР