АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйге оралғалы бері алғаш рет Конгрестің қос палатасына жолдау жасап, бірнеше аптаны қорытындылады. Шамамен екі сағат бойы ол "Американың оралуы туралы" айтып, "Америка тарихындағы ең ұлы кезеңнің басталғанын" сөз етті.
Ол сыртқы саясат мәселелеріне сөзінің соңғы бөлігінде тоқталып, Ресейдің Украинаға басқыншылығы туралы айтты. Ол Украина президенті Владимир Зеленскийден хат алғанын, онда Украина басшысы бейбіт келіссөзге оралуға дайын екенін білдіргенін жеткізді.
"Бүгін Украина президенті Владимир Зеленскийден маңызды хат алдым. Хатта "Украина бейбіт келіссөзге мүмкіндігінше жылдам оралғысы келеді. Бейбітшілікті украиналықтардан артық ешкім қаламайды" деп жазылған" деді Трамп.
Оның сөзінше, Зеленский сонымен бірге пайдалы қазбалар туралы келісімге "кез келген уақытта қол қоюға дайын" екенін мәлімдеген. Трамп бір мезетте Ресей жағынан да бітімге келуге дайын екендігі жөнінде айқын сигналдар келіп түскенін жеткізді.
"Украинадағы қатыгез соғысты аяқтау үшін тынымсыз жұмыс істеп жатырмын. Миллиондаған украиндар мен ресейліктер бостан-босқа қырылған немесе жараланған. Шегі көрінбейді. АҚШ Украинаның қорғанысын нығайтуға жүздеген миллиард доллар қаражат жіберді" деді Трамп.
"Осының тағы бес жыл жалғасқанын қалайсыздар ма?" деді ол.
Трамп Еуропаға қарағанда АҚШ Украинаны қолдауға көбірек қаражат жұмсағанын тағы айтты.
"Өкінішке қарай, Еуропа Украинаны қорғаудан гөрі Ресей газы мен мұнайын сатып алуға көбірек ақша жұмсады. Осы жөнінде ойлаңыздар" деді ол.
Залда демократиялық партия өкілдері Трамптың саясатына наразылық білдіріп, ысқыра бастап еді, өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон жұртты сабырға шақырып, президенттің сөзін үзбек болғандарды залдан шығарамыз деп ескертті. Кейбір демократтар залдан шығып кетті. Демократ конгресмен Эл Грин залдан күштеп шығарылды.
Трамп өз сөзінде Ресейдің Украинаға қарсы соғысын басқыншылық деп атамады және соғысты аяқтау жоспарын да айтпады. Украинадағы соғыс тақырыбына өтпей тұрып Трамп Панама арнасы жартылай АҚШ-тың бақылауына көшкенін алға тартып, сонымен бірге Гренландияны да бақылауына алады деп сенім білдірді.
Жуырда Украина басшысы Владимир Зеленский 28 ақпан күнгі АҚШ-қа сапары туралы жазба жариялады. Ол кездесу "ойдағыдай" өтпегенін айтып, келіссөз үстеліне "тезірек оралуға дайын" екенін жеткізді.
"Ешқайсымыз соғысты қаламаймыз. Украина ұзақмерзімді бейбітшілікті жақындату үшін келіссөз үстеліне жылдам отыруға дайын. Бейбітшілікті украиндардан артық ешкім қаламайды. Мен және менің командам тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу үшін президент Трамптың мықты басшылығымен жұмыс істеуге дайынбыз" деді Зеленский.
Ол Киев АҚШ-қа көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғыс білдіреді деп АҚШ-тың Киевке танктерді жоятын Javelin кешенін беру туралы президент Трамптың шешімі "жағдайды өзгерткенін" атап өтті.
"Осылай болғаны өкінішті. Жағдайды түзететін кез келді. Біз одан әрі ынтымақтастық пен қарым-қатынастың конструктивті болғанын қалаймыз" деп жазды ол.
Зеленский Украинаның кез келген уақытта және кез келген ыңғайлы форматта пайдалы қазбалар мен қауіпсіздік туралы келісімге қол қоюға дайын екенін жеткізді.
28 ақпанда Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі алдын ала жоспарланған келіссөзі көптің көзінше өрбіген дау-дамайдың кесірінен аяқсыз қалғаннан кейін Украина делегациясы Ақ үйден дереу кетіп қалған. Пайдалы қазбаларды өндіру және инвестициялық қор құру туралы алдын ала дайындалған келісімге қол қойылмаған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Зеленский бейбітшілікке дайын болғанда орала алады". АҚШ пен Украина арасындағы келіссөз сәтсіз аяқталды