Тасмағамбетов: Еуропа Украинаға әскер жіберсе, ҰҚШҰ "түрлі көмек нұсқаларын" қарастырады

Иманғали Тасмағамбетов

Украинада Еуропаның бітімгер әскерін орналастыру аймақтағы жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін деді Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов ресейлік "Известия" басылымына берген сұхбатында.

"Осы күнге дейін бұл (Еуропаның әскері) контингент ресми түрде болмаған. Бұл аймақта қауіпті жағдай тудыруы мүмкін" деді Тасмағамбетов.

"Мұндай қатер туындай қалса, ҰҚШҰ ұйымның жарғылық құжаттары аясында, ұйымға мүше мемлекеттердің барлығымен келісе отырып түрлі көмек нұсқаларын ұсынуға дайын болады" деді ол.

Оның айтуынша, "экономика мен әлеуметтік салада өршіп жатқан негатив құбылыстардан шаршаған халық өз үкіметтерінің мұндай шешімін қолдай қоюы да екіталай".

Тасмағамбетов сұхбатта Францияның ядролық держава ретінде Еуропа елдерін "ядролық қалқаға" алу туралы ұсынысына да пікір білдірген. Ол Францияның саяси билігі осындай ұсыныс арқылы "Еуропадағы өзінің позициясын нығайтқысы келеді" деді.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі бұған дейінгі сұхбаттарында да Кремльдің Батысқа қарсы тұжырымдарын қайталаған еді. Былтыр күзде Ресей басшысы Владимир Путин Астанадағы ҰҚШҰ саммитінде Украинаға "Орешникпен" тағы соққы жасайтынын айтып, Киевті де нысанаға алуы мүмкін екенін айтып сес көрсеткен. Ізінше Тасмағамбетов Ресей астанасында өткен баспасөз жиында Батыс елдеріне қатысты "дос емес елдер" тіркесін пайдаланып, НАТО-ның Ресей мен Беларусьқа "гипотетикалық шабуылы" туралы айтқан.

2024 жылғы 28 қарашада ҰҚШҰ-ның Астанада өткен саммитіне қатысқан Ресей президенті Владимир Путин "Орешник" баллистикалық ракетасымен "Киевтегі шешім қабылдайтын орталықтарға" соққы жасалуы мүмкін екенін айтып, сес көрсеткен.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы - 1992 жылы негізі қаланған, құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіретін әскери-саяси ұйым. Жарғысы бойынша, ұйымға мүше елдердің біріне шабуыл жасалған жағдайда басқа елдерден оған әскери көмек көрсетеді. Таулы Қарабақ төңірегінде Әзербайжанмен арадағы қақтығыс кезінде "көмек көрсетпегені" үшін Армения премьер-министрі 2024 жылы бұл ұйымнан шығатынын мәлімдеген. ҰҚШҰ жалғыз мәрте - 2022 жылғы қаңтарда Қаңтар оқиғасы кезінде стратегиялық маңызды нысандарды "террористерден" қорғау үшін Қазақстанға аз уақытқа әскер кіргізген.

Иманғали Тасмағамбетов - Қазақстан билігінде лауазымды қызметтер атқарған адам. Ол әр жылдары Атырау облысының, Алматы және Астана қалаларының әкімі, қорғаныс министрі және Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметтерін атқарған. 2002-2003 жылы премьер-министр болған. 2023 жылғы қарашадан штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы.