Қаржы мониторинг агенттігі 2019 жылдан бері Өскемен мен Семей қалаларының көшелерін жарықтандыру жұмысы кезінде 2,5 млрд теңге «заңсыз» жұмсалғанын анықтады. 4 наурызда агенттік Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне қарасты компания басшыларының үстінен бір жыл бұрын қозғаған істі аяқтап, сотқа жолдағанын хабарлады.
«Бюджет қаражатын жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану, заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату фактілері бойынша «Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік-жекеше әріптестік аймақтық орталығы» компаниясының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі аяқталып, сотқа жолданды», деп жазылған ресми ақпаратта.
Агенттіктің мәліметі бойынша, күдіктілер «Өскемен және Семей қалаларындағы көше жарықтандыру жүйелерін жаңғырту» деп аталатын жоба арқылы жалған актілерге қол қойып, жабдықтар мен жұмыстардың құнын арттырып көрсеткен. Яғни талапқа сай келмейтін жарықтандыру құралдарын қымбатқа сатып алған. Заңсыз жұмсалған ақшаның сомасы – 2,5 млрд теңге.
Ал Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аймақтық орталығының басшысы сенімді адамының атына компания тіркеп, оны қаражатты жымқыру үшін мердігерлік ұйым ретінде пайдаланған. Құзырлы орган тергеушілерінің анықтауы бойынша, күдікті қылмыстық жолмен тапқан 265 млн теңге қаражатына элиталық үй мен көлік сатып алып, оны «тәркілеуден жасыру үшін» сенімді адамының атына тіркеген. Сот санкциясымен аталған мүліктердің қожайынына мүліктерге иелік етуге тыйым салынған.
Күдіктілер қамауға алынған. Агенттік сот үкімі шыққанға дейін олардың аты-жөнін ашық көрсете алмайтынын жазды.
Өскемен мен Семей көшелерін жарықтандыру жобасы 2019 жылы басталған. Оның аясында электр қуатын үнемдеу және жарық сапасын арттыру мақсатында ескі жарықтандыру құралдарын қуаты тиімді жарықдиодты шамдарға ауыстыру көзделген еді. Ол кезде екі қала Шығыс Қазақстан облысының құрамында болатын.
Қоғам белсенділері "жоба іске асырылып жатыр делінсе де Өскемен мен Семейде көшелер қараңғы, жолаушылар өміріне қауіп күшейді" деп шағынған. Өскеменде жолаушыларды көлік қаққан бірнеше оқиға болған. Тоғас көшесінде бір жолаушы көлік астына түсіп қайтыс болғаннан кейін тұрғындар көшені жауып, жолдардың қараңғылығына шағым айтқан. Әкімдік осыдан соң бір күн ішінде көшеге бағдаршам орнатқан. Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Азаттыққа жарықтандыру проблемалары жол апатына душар етіп жатқанын растаған.
«2023 жылы Өскеменде қараңғы мезгілде жасанды жарық жеткіспейтін учаскелерде 14 жол-көлік оқиғасы тіркелді, 1 адам қаза тауып, 16 адам зардап шекті» деген полиция департаменті 2024 жылы жолдаған жазбаша жауабында.
Азаттық тілшілері жобаның орындалуы бойынша зерттеу жүргізіп, қаржы бөлінсе де жарықтандырылмаған көшелерді анықтаған.
Шығыс Қазақстан әкімдігіне қарасты мемлекеттік-жекеше әріптестік аймақтық орталығы бұл жобаны іске асыру үшін Еуропа қайта құру және даму банкінен 3,6 млрд теңге несие алған еді. Бұған қоса жобаға бюджеттен 1,2 млрд теңге де салынған. Екеуін қоса есептегенде, жоба құны 4,8 млрд теңге болған.
ЕҚДБ-дан несие алу келісімшарты 2017 жылы жасалған. Несиені қос қалаға да Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне қарасты мемлекеттік-жекеше әріптестік орталығы арқылы алды. Сол кездегі облыс әкімі Даниал Ахметов ЕҚДБ-нің Лондондағы кеңсесіне барып, әртүрлі жиындарда банк өкілдерімен меморандумдарға қол қойып, олармен тығыз қарым-қатынаста екенін БАҚ өкілдеріне айтып жүрді.
Көше шамдары мәселесін тергеу қоғамда наразылық күшейген тұста басталды. Шығыс Қазақстан облысына 2023 жылы әкім болып барған Ермек Көшербаев былтыр ақпанда Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған несиені «халықтың ақшасынан қайтарып жатырмыз» деп айтқан.