"Қазхромға" қарасты комбинатта төрт жұмысшыны күйік шалды

Ақтөбе облысының картасы.

28 ақпанда Ақтөбе облысында Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты "Болашақ" шахтасының кен өндіру блогында лап еткен жалын пайда болып, төрт жұмысшыны күйік шалған. Бұл жөнінде "Қазхром" трансұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Людмила Волненконың сөзінше, олар түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Біреуінің жағдайы ауыр, реанимацияда жатыр. Екі жұмысшы травматология бөліміне жатқызылған, біреуі үйіне жіберілген. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Шахтада жұмыс тоқтатылған. Оқиға болған кезде шахтада 228 жұмысшы болған, барлығы жер үстіне шығарылған. Шахтадағы сутектің мөлшері өлшеніп жатыр.

Полиция тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.

"Қазхром" директорлар кеңесінің құрамына Александр Машкевич, Патох Шодиев және Шухрат Ибрагимов секілді белгілі олигархтар кіретін Eurasian Resources Group компаниясына тиесілі. Ашық дереккөзге сүйенсек, "Қазхромда" жалпы 19 мың адам, ал Дөң кен байыту комбинатында 7,5 мың адам жұмыс істейді.

"Курсивтің" жазуынша, "Болашақ" шахтасы жуырда ғана – 27 желтоқсанда салтанатты түрде ашылған. Нысанның құны – 1 трлн теңгеден астам. Шахтада екі кеніш бар - «Миллиондық» және «Алмаз-Қазына». "Қазхромның" басшысы Сергей Прокопьев оны "өз деңгейіндегі ең өршіл, қымбат және әсерлі" жобалардың бірі деп атаған.