Алматы облысы Талғар ауданында кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың үйін өртеді деп күдікке ілінгендер әлі табылмады. Бұл жөнінде 6 наурызда бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев мәлімдеді.
"Тергеу жалғасып жатыр. Сотқа дейінгі тергеудің қорытындысы қандай болатынын қазір айта алмаймын. Бірақ қандай да бір ақпарат пайда болса, қоғам өкілдеріне хабарланады. Әзірге [күдіктілер] жоқ. Ондай ақпарат жоқ" деді Әсет Шыңдалиев бейсенбі күні сенат кулуарында. Оның сөзінен үзіндіні ҚазТАГ келтіреді.
Бас прокурордың орынбасарының сөзінше, 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасына қатысты іс бойынша қазір прокурорлар айыптау актісін әзірлеп жатыр.
"Қылмыстық тергеу толық аяқталды. Іс прокуратура органдарына қарастыру және айыптау актісін жасауға жолданды. Қазір Алматы облысының прокуратурасы жүргізілген тергеу амалдарының заңдылығын зерттеп, соның нәтижесіне қарай оны сотқа жіберу бойынша шешім қабылданады. Нақты мерзімін айта алмаймын, себебі заң бойынша мұндай шешімдер он күн ішінде қабылданады. Егер іс күрделі, көп эпизодтан тұрса, онда прокурорлардың мұндай шешімдерді бір ай ішінде қабылдауға мүмкіндігі бар" деді Шыңдалиев.
Ресми ақпаратқа қарағанда, тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған. Қылмыстық істе 62 том бар.
- 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда жасөспірімнің отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкен маңында қаза болған. Сатып алушылардың бірімен болған даудың соңы жанжалға ұласып, ол достарын шақырып, суық қару қолданылған. Оқиғадан соң қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Бұған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
- Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысы бар" деген күдікке ілінген сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша күдікті үш адам сот санкциясымен қамауға алынған еді.
- Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Аудан тұрғыны Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
- Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Полаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.
- Былтыр 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың туысы Нұрғанат Ғайыпбаев қайтыс болды. Полиция "марқұм өзіне қол салған" деген алдын ала болжам барын хабарлады. Марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
- Нұрғанат Ғайыпбаевтың қазасынан кейін Шерзат Полаттың жақындары әкімшілік жауапқа тартылды. Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 күнге қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.
- Ақпанның соңында Алматы облыстық полиция департаменті Талғар қаласында кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу амалдары аяқталғанын хабарлаған.