Атыраулық шаруа былтыр тасқын қиратқан үйі мен қорасының өтемақысын әлі ала алмай жүр

Көктемгі су тасқыны. Атырау облысы, сәуір 2024 жыл.

Атырау облысының Махамбет ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен шаруа Төленбай Аманбаев әлі күнге дейін үйі мен қорасының өтемақысын ала алмай отыр. Мұны Азаттыққа шаруаның өзі айтты.

Тасқын кезінде Аманбаевтың «Шабай» шаруа қожалығындағы үй-жайы мен қора-қопсысы су астында қалған. Ол үйді 2013 жылы салыпты. Бүгінде төрт бөлмелі баспанасы қирап, үйіндіге айналған. Бағалау комиссиясы шығын толық есептелмейінше, ештеңені қалпына келтірмеуге кеңес берген. Аманбаев қожалығының шығыны 33 млн теңге деп бағаланған. Облыс әкімдігі бұл шектен тыс сома деп, ауданға қайта қарауға жіберген. Бірақ аудан әкімдігі шығын сомасын сол күйінде қалдырған.

Аманбаев үйі мен қорасы үшін өтемақы бойынша былтыр 19 сәуірде өтініш тапсырған. 33 млн шығыннан бөлек, осыған дейін «Шабай» шаруа қожалығына 7 гектар жоңышқа алқабы мен 50 жеміс ағашына 1 млн 841 мың 965 теңге көлемінде өтемақы төленген.

Қазір шаруа қыстағына малын суарып, жемдеп-бағып, қораларын тазалау үшін үшін күніне үш-төрт рет келуге мәжбүр. Үйі мен қыстағының арасы 8 шақырымдай. Қыстақтағы үйі суға кеткелі бірнеше сағат қараусыз қалған мал қатты аязда шығынға да ұшыраған. Екі сиыр, төрт бұзауы өлген. Қазір қожалығында 80-ге жуық сиыр, 70-ке жуық жылқы бар. Қазіргі кезде оларды бағу барған сайын қиындап барады.

Шаруа бағалаушылар тасқында қираған үй мен қораға тиіспеңдер десе де, қыста мал үсіп қалмас үшін жақын жерден қора салған. Оған 5 млн теңге жұмсаған.

Биыл Махамбет ауданына да су тасқыны қаупі төніп тұр. Аманбаев өтемақы алған соң, жаңа үйді басқа жерден салуды жоспарлап отыр.

-Былтыр желтоқсанда құжатты кері тапсырғанда облыс әкімдігі Махамбет ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі шаруа қожалығымның тасқынға дейін жұмыс істегенін растау туралы анықтама беруін талап еткен. Енді биыл кері құжат тапсыруға барғанда осы ақпанда ұлттық экономика министрлігінің өтемақы туралы бұйрығы шықты деп, құжат толтыру ережесінде өзгеріс бар деп, комиссия қайтадан құжат тапсыруға жіберді. Тасқыннан зардап шеккенімді растау үшін қайтадан құжат тапсырғалы жүрмін. Қала мен ауылдың, ауыл мен қыстақтың арасында сенделіп жүрміз. Үйсіз далада тұру оңай емес, - дейді Төленбай Аманбаев.

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хатшысы Руслан Жұмағазиев 6 наурызда Азаттық сауалына Аманбаевтың үйі мен қорасының суға кеткенін дәлелдейтін құжаттарын биыл өтемақы төлеу ережесіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, кері тапсыруы тиіс екенін қайталады. Оның сөзінше, бүгінге дейін тасқын кезінде зардап шеккен 112 шаруаның өтініші қанағаттандырылып, 1 млрд 117 млн 746 мың 112 теңге өтемақы төленген.