Алматы соты белсенді Ермек Нарымбайды бес тәулікке қамады

Ермек Нарымбай

Алматы қаласының әкімшілік соты белсенді Ермек Нарымбайды бес тәулікке қамады.

Оның үстінен әкімшілік істің қозғалуына Facebook-тағы жазбасы түрткі болған. Жазбада президент, бас прокурор, премьер-министр және өзге де бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың аттары аталады, автор солар туралы желіде тараған ақпарат қаншалықты рас деген сұрақ қояды.

Бұрын шыққан үкім бойынша Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салынған. Осы шешім негізінде белсендіге “сот шешімін орындамады” (669-бап 1-бөлік) деген айып тағылған.

Адвокаты Василий Садықовтың сөзінше, сот кезінде қарсы тарап "Ермек Нарымбайдың айыбын негіздей алмаған". Оның айтуынша, Ермек Нарымбай жазбада ешқандай тұжырым жасамаған және аудиторияға сұрақ қойған. Бұған қоса, белсенді желіде тарап кеткен ақпаратты қайталап басқан.

Қорғау жағы сот қаулысын алғаннан кейін заңға сәйкес тиісінше әрекет ететіндерін айтып отыр.

2022 жылы ақпанда Украинадан Алматыға оралғанда әуежайда бірден қамауға алынып, бір жарым жыл түрмеде отырған белсенді Ермек Нарымбаев жазасы жеңілдеп, 2023 жылы 31 шілдеде бостандыққа шыққан. 2023 жылы қыркүйекте сот Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салған. Белсенді бұған дейін де "сот шешімін орындамағаны үшін" әкімшілік жазаға тартылған.