Әлімжеттік бойынша күдікке ілінген алты оқушының соты басталды

Ақтөбе облысындағы мектептердің бірі. Көрнекі сурет.

4 наурыз күні Ақтөбе соты төменгі сыныптың балаларына әлімжеттік жасады деп күдікке ілінген 6 оқушының ісін қарай бастады. Сотталушылардың алтауы да Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылындағы мектептің оқушылары. Олар 2024 жылғы 2 қыркүйек күні жасы кіші балаларға әлімжеттік жасап, бір-бірін ұруға мәжбүрлеген. Нәтижесінде Қопа мектебіндегі 9 сыныптың оқушысы Нұржан Сыдық қайтыс болып, тағы 12 бала соққыға жығылған.

Тергеу Қопа мектебінің 6 оқушысына «бұзақылық жасады», «адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді» және «қылмысты ұйымдастырды, оның жасалуына басшылық етті» деп айып тағып отыр. Сотталушылар кәмелет жасына толмағандықтан прокуратура жабық сот өткізуді сұрады. Судья Жанат Бекенова жабық сот болады деп шешті.

- Біз бұл процестің ашық өткенін қалап едік. Бірақ судья жабық болады деп шешті. Соттан әділдік талап етеміз. Оқиға болған жерде жалпы саны 18 оқушы болған. Менің інім өлім халінде жатқан кезде ересек балалар жедел жәрдем шақыруға рұқсат етпеген, ата-анасына да хабар бергізбей қойған. Соның салдарынан інім жедел жәрдем келгенше өліп кетті. Бұл іс бастапқыда «кісі өлтіру» бабымен қозғалған болатын. Кейін қайта дәрежеленді. Біз оған наразылық білдіріп, Қазақстанның бас прокуратурасына дейін бардық. Ендігі үмітіміз сотта. Соттың әділ әрі заңды шешім қабылдауын сұраймыз. Өйткені бұл тек менің бауырымның ісі емес, бүкіл қоғам үшін өзекті мәселе, - деді мектептегі әлімжеттіктен қайтыс болған Нұржан Сыдықтың әпкесі Мереке Қалдыбаева.

Осы оқу жылында 9 сыныпқа барған Нұржан Сыдық 15 жасқа толуына бір ай қалғанда мерт болған. Отбасындағы бес баланың бірі Нұржанның анасы мектепте іс қағаздарына жауапты маман. Жәбірленуші тарап сот басталмас бұрын берген сұхбаттарында Қопа мектебінде әлімжеттік бұрыннан бар екенін, жоғарғы сыныптағылар «тәрбиелеу мақсатында» жасы кіші балаларға қол жұмсап, қоқан-лоқы көрсететін айтқан болатын.

Қопа ауылындағы қайғылы оқиға 2024 жылғы 2 қыркүйекте болған. Артынша 10-сыныпта оқитын екі бала ұсталған, кейін тағы төрт оқушының күдікке ілінгені белгілі болды.

Бас прокурор Берік Асылов "бұл жағдай тәрбие берудегі кемшіліктерге байланысты болған, салдарынан жасы үлкен балалар кішілерге әлімжеттік жасап, бірін-бірін ұруға мәжбүрлеген" деп мәлімдеді. Асылов Х желісінде оқушы қазасына байланысты қозғалған қылмыстық істі тергеу барысын жеке бақылауыма алдым деп жазды.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылғы желтоқсанда балалардың денсаулығы мен әл-ауқатына байланысты зерттеуінде мектеп оқушыларының 17,5 пайызы оқтын-оқтын буллингіге ұшырайды деген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақтөбеде спорт мектебіндегі оқушының өліміне қатысты үкім оқылды