Ақтөбе облысында оқушылармен апатқа ұшыраған жаттықтырушы шартты жаза алды

Ақтөбе облысы Мәртөк аудандық соты тоғызқұмалақшы балаларды жеке көлігімен алып келе жатып, жол апатына ұшыраған жаттықтырушыға 1 жыл 6 ай бостандығынан айыру жазасын шартты түрде кесті. Сот үкімі 3 наурыз күні шыққан.

Үкім заңды күшіне енген жағдайда Мәртөк спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрлыбай Жұмабай үш жылға көлік жүргізу құқынан да айырылады.

Тергеу материалдарына қарағанда, Мәртөк аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрлыбай Жұмабай 2024 жылғы 14 қарашада оқушыларды мектептен алып кеткен. Ол спорт мектебіндегі жаттығудан соң жеке көлігімен алып шығып, қайта мектепке апармақ болады. ВАЗ-2170 маркалы көлікте жаттықтырушыдан өзге екі ұл мен екі қыз бала болған.

Мәртөктегі №4 орта мектептің 5-сынып оқушысы Айару Серік жеңіл көліктің алдыңғы орындығына отырған. Жаттықтырушы Мәртөктің көшесінде басты жолмен келе жатқан көлікке жол бермей, екі көлік бір-біріне соғылып, оқушы қыз терезеден сыртқа ұшып түскен. Жол апатынан соң 54 күн ес-түссіз жатқан ол 2025 жылғы 6 қаңтарда Ақтөбедегі балалар ауруханасында қайтыс болды. Жаттықтырушының көлігінде болған өзге үш бала аман.

Тергеу 32 жастағы жаттықтырушыға «көлік құралын пайдалану қағидасын бұзды» деген айып тақты. Сотталушы өзіне тағылған айыпты толығымен мойындап, істі қысқартылған тәртіппен қарауды өтінген.

Мәртөк аудандық сотының ақпаратынша, сотталушы оқушы қыздың отбасына материалдық көмек көрсетіп, тараптар медиация тәртібімен келісімге келген. Яғни, Айарудың отбасы жаттықтырушыны кешірген. Мұны жол апатынан қаза болған оқушының шешесі Қатира Қалилаева да растады. «Қызымның рухы тыныш болуы үшін бұл туралы сөйлескім келмейді» деді ол Азаттыққа.

Мәртөк аудандық білім бөлімінің басшысы Әсет Есалиннің сөзіне қарағанда, жаттықтырушы Жұмабай тоғызқұмалақшы балаларды жарысқа дайындау үшін қолхат жазып, мектептен алып кеткен. Жол апатынан соң Айару Серік оқыған №4 мектептің директорына ескерту берілген.

Ақтөбе облысында мектеп оқушылары мінген көліктің жолда апатқа ұшырауы алғаш рет емес. 2022 жылғы желтоқсанда Темір аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары оқушыларды жарысқа жеке көлігімен апара жатқан кезде апатқа ұшыраған. Көлікте 9 оқушы мен жаттықтырушы болған. Бір оқушы мерт болып, төрт бала мен жаттықтырушы ауыр жараланған.

2023 жылғы 19 желтоқсанда Ақтөбе облысы Жаныс би ауылынан шыққан Toyota Alphard көлігі республикалық пәндік олимпиаданың аудандық кезеңіне бара жатып, Ырғызға 50 шақырым қалғанда апатқа ұшыраған. Самара – Шымкент бағытындағы тас жолда үлкен жүк көлігімен соқтығысқан Toyota Alphard-тың салонында екі мұғалім мен 14-16 жастағы бес оқушы болған. Жеңіл көліктегі бір мұғалім мен екі бала тіл тартпай кеткен.

2024 жылғы 7 тамызда Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Қарашатау ауылының балалары Маңғыстау облысында өтетін футбол жарысына бара жатып, жол апатына ұшыраған.Оқушылар мінген Toyota Ipsum маркалы көлігі Хромтау қаласынан 20 шақырым жерде MAN маркалы жүк көлігіне соғылған. Самара – Шымкент тасжолында болған апаттан 8 адам қаза болды. Оның бесеуі – мектеп жасындағы бала.