Ел парламенті - халық скупщинасының оппозицияшыл депутаттары күн тәртібін бекіту жоспарына қарсы шығып, осындай әрекетке барған. Парламент жиынында жоғары білім туралы және жастарға тұрғын үй несиесін беру туралы заңдар қаралуы тиіс болған. Депутаттар отырысқа бойкот жариялап, наразылыққа шығуға шақырған.
Жергілікті Danas басылымының жазуынша, олар спикер Ана Брнабичке өтпек болғанда күзетшілер тоқтатқан. Наразы депутаттар Брнабичтің үстіне су шашқан. Мәжіліс залының ішін түтін басқанда олар "Режимді құлату үшін Сербия бас көтерді" деген плакат жайып тұрды.
Депутаттар осы арқылы бірнеше айға созылған студенттер наразылығына қолдау білдірген.
Парламент спикерінің сөзінше, оқиға кезінде үш әйел депутат - Ясмина Обрадович, Ясмина Каранац және Саня Илич зардап шеккен. Обрадович инсульт алды, қазір оны аман алып қалу үшін дәрігерлер күресіп жатыр. Каранац басынан жарақат алды. Ал аяғы ауыр депутат Иличтің жағдайы туралы мәлімет жоқ.
Шу басылған соң парламент жиыны жалғасқан. Осы кезде парламент ғимараты алдына наразы жұрт жиналған.
Сербияда жаппай наразылық былтыр күзде Нови-Сад теміржол станциясындағы қайғылы оқиғадан соң басталды. Оқиға кезінде станциядағы бетон шатыр құлап, 15 адам қаза тапқан. Демонстранттар кінәлілерді жазалап, президент Александр Вучичтен бастап ел басшылығын түгел отставкаға кетіруді талап етіп келеді. Наразылық өршіген соң, биыл қаңтарда Сербия премьер-министрі Милош Вучевич қызметінен кеткен.