Ұлыбритания патшасы Владимир Зеленскийді қабылдады

Ұлыбритания патшасы III Чарльз Норфолктегі Сандрингем сарайында Украина президенті Владимир Зеленскийді қабылдады. 2 наурыз 2025 жыл.

Жексенбі, 2 наурыз күні Ұлыбританияда сапарда болған Украина президенті Владимир Зеленский сол елдің патшасы III Чарльзбен кездесті. Соның алдында ғана Зеленский Лондонда Украинаға әскери көмек көрсету жөніндегі саммитке қатысқан. Ол саммитте Еуропа елдері мен Канаданың басшылары және Еуроодақ пен НАТО өкілдері болды.

Ұлыбритания патшасы Украина президентін Норфолктегі Сандрингем сарайында қабылдады. Зеленский ол жерге Лондондағы саммиттен соң тікұшақпен барды.

Би-би-сидің хабарлауынша, жергілікті тұрғындар Зеленскийдің келгенін көру үшін Сандрингем сарайының маңына жиналған. Кейбірі Украина туын ұстап тұрған.

Әзірге III Чарльз бен Зеленский не туралы сөйлескені айтылмады.

Зеленский Ұлыбританияға сапарлағанға дейін 28 ақпанда Вашингтонда болып, Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен және вице-президенті Джей Ди Вэнспен журналистер алдында сөзге келіп қалды. Дау Украинадағы соғысты аяқтау және АҚШ-тың қолдауы жөнінде мәселе қозғалғанда туған.

Содан бір күн бұрын, 27 ақпанда Трамп Вашингтонға келген Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездескен. Кездесу басында Стармер Трампқа Ұлыбритания патшасының хатын ұсынған. Ол хатта III Чарльз АҚШ президентін Ұлыбританияға мемлекеттік сапармен келуге шақырған. Дональд Трамп бірінші президенттік мерзімінде Ұлыбританияға мемлекеттік сапармен барып, ол кезде оны патшайым II Елизавета қабылдаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Украинадағы соғыс: Майданда не болып жатыр?