ЖАҢАЛЫҚТАР
Қоқан-лоққы көбейген соң, Белград гейлер шеруін өткізбеуі мүмкін

Сербия ішкі істер министрі Ивица Дачичтің айтуынша, қазіргі кезде ондай қауіп деңгейі жоғары деп бағаланып отыр.
Адын ала жоспар бойынша, шеру өтетін күні оған қатысатын гейлер мен лесбийлерді экстремистік топтардың қаскөйлік іс-әрекеттерінен қорғау үшін бес мыңға жуық полиция қызметкерлері жұмылдырылады деп белгіленген еді.
Басқа да жаңалықтар
БҰҰ: әйелдерде еркекке бұйырған құқықтардың тек 64 пайызы ғана бар

БҰҰ Халықаралық әйелдер күніне орай әйелдердің қазіргі жағдайы жайлы есебін жариялады.
Отыз жыл бұрын 189 мемлекет бірігіп, гендерлік теңдікке қол жеткізу жоспарын қабылдаған. Пекин декларациясы деп аталатын бұл жоспар аясында осы күнге дейін әлемде әйел құқығын нығайтуға арналған 1,5 мыңнан астам реформа жүрген.
Бірақ соған қарамастан қазір әйелдерде еркектерге тиесілі құқықтардың тек 64 пайызы ғана бар. Парламенттердегі әйелдердің үлесі екі есе артқанымен, олар жалпы санның тек ширек бөлігін ғана алып отыр. Әлемде 87 мемлекетте ғана әйел басшы болған.
Әйелдердің 10 пайызы немесе 393 млн қыз-келіншек тақыр кедейшілікте, 15 пайызы қақтығыс аймағында өмір сүреді. 2022 жылдан бері қақтығыс аймақтарында жыныстық зорлық 1,5 есе артқан. Мұның 95 пайызында әйелдер жапа шеккен. Тұрмыс құрған әйелдердің бестен бір бөлігі бала кезінде некелескен. Әрбір үшінші әйел ғұмырында физикалық немесе жыныстық зорлыққа ұшырайды.
Африкада 60 миллионға жуық қыз орта мектепті бітіре алмайды. Мұндай мүмкіндік берілген аймақтарда оқудың аттестатпен аяқтаған қыздардың үлесі ұлдардан басым түседі.
Жұмыс орындарындағы гендерлік теңсіздік ондаған жыл бойы өзгермеген: еңбекке жарамдың еркектердің 93 пайызы, әйелдердің 63 пайызы жұмыс істейді. Бірақ сөйте тұра әйелдер үй шаруасындағы жұмысты еркектерге қарағанда 2,5 есе көп атқарады. Олардың мойнына үй жинау, бала қарау секілді ақы төленбейтін жұмыстар артылған.
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сөйлеген сөзінде жаңа қатерлердің әсерінен әйелдердің дискриминацияға ұшырауы ушығып жатыр деді.
"Цифрлық құрылғылардың әлеуеті зор болғанымен, олар әйелдердің үнін жиі өшіріп, әділетсіздікті арттырады және харассментті күшейтеді" деді Гуттериш әйел құқығын таптаушыларға, шовинистер мен мизогинистерге төтеп беруге үндеп.
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль тергеу изоляторынан босап шықты

Қызметінен уақытша босатылған Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль 8 наурыз күні тергеу изоляторынан шықты. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.
Содан бір күн бұрын Сеул соты Юн Сок Ёльдің өтінішін қанағаттандырып, оны қамау туралы шешімнің күшін жойған. Сот тағылған айыптың мерзіміне сілтеп, прокурорлар іс жүргізу ережесін бұзған деп тапты.
"Ең әуелі Орталық аудандық сотқа заңсыздықты жоюда батылдық әрі табандылық танытқаны үшін алғыс айтқым келеді" деді президент босап шыққан соң.
Юн Сок Ёль 15 қаңтар күні бүлік жасады деген күдікпен ұсталып, кейін қамауға алынған. Бұл іске президенттің содан бір ай бұрын елде әскери жағдай енгізгені түрткі болған. Сөйтіп ол қызметі кезінде қамауға алынған алғашқы Оңтүстік Корея президенті атанды.
14 желтоқсан күні Оңтүстік Корея парламенті екінші талпыныстан соң Юнға импичмент жариялауды қолдап дауыс берді. Оның президенттік құзыретін елдің конституциялық соты қайтарып бере алады. Сот шешімі алдағы күндері шықпақ. Бүлік ісі жөніндегі тыңдаулар әлі жүріп жатыр.
- Былтыр 3 желтоқсанда Юн Сок Ёль парламенттік оппозициямен ұзақ тартыстан соң елге әскери жағдай енгізген. Жарлық парламент жұмысын тоқтатып, наразылықтар мен ереуілдерге, саяси партияларға тыйым салған. Бұл қадам жаппай наразылық тудырып, әскери жағдай тәртібі алты сағаттан соң алынды.
- Әскери жағдай тәртібі жарияланған кезде депутаттар парламентке жиналып, президент жарлығына қарсы дауыс бермек болған. Бастапқыда әскерилер депутаттардың парламентте бас қосуына жол бермеуге тырысқан. Бірақ заң шығарушылар жолын тауып, ғимаратқа кірді де, президент жарлығының күшін жойды. Содан соң әскер казармаларға оралды. Президент Юн Сок Ёль әскерге депутаттарды қамау туралы бұйрық берді деген күдікке ілініп отыр.
- Юнның өзі желтоқсанда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деген айыпты жоққа шығарып, мұндай қадамға "үкіметтің жұмысын тұралатқан оппозициядан мемлекетті қорғау үшін" жасауға мәжбүр болғанын айтқан.
Алматыдағы оқиға: кепілге алынған әйелді құтқарған азаматқа "Ерлігі үшін" медалі табысталды

Алматы әкімі Ерболат Досаев қала әуежайында кепілге алынған қызметкер әйелді құтқарып алған Мұса Әбдірайымға "Ерлігі үшін" медалін табыстады. Бұл туралы 8 наурыз күні қала әкімдігі хабарлады. Марапат Қазақстан президентінің тапсырмасы бойынша берілген.
Мұса Әбдірайым бұл медальмен "төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін марапатталған". Оған сондай-ақ оған ақшалай сыйақы табысталған.
7 наурыз күні Алматы әуежайында пышақ ұстаған ер азамат жолаушыларды тексеру қызметкерін кепілге алған. Полиция оқиға орнын қоршауға алған, бірақ іс насырға шабар деп жақындамаған. Сөйтіп қарулы адамға кепілге алынған қызметкер әйелді басқа адамға алмастыру ұсынылған. Мұса Әбдірайым тексеруші инспектор болып жұмыс істейтін бұл әйелді алмастыруға келісіп, ептілік таныта отырып ер адамның қолынан пышақты тартып алған. Артынша полиция қаскөйді құлатып, ұстап әкеткен.
Ұсталған адам – 67 жастағы Қазақстан азаматы. Оның бұл қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Полиция оның үстінен қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын хабарлады.
Алматы полициясының хабарлауынша, ұсталған адамд былтыр автобуста бір әйелге шабуыл жасап, желтоқсанда бір жылға бостандығы шектелген.
Ресей Украинаның Донецк облысына ауыр соққы жасады. Қаза тапқандар бар

8 наурызға қараған түні Ресей әскері Украинаның Донецк облысындағы Доброполье қаласын атқылап, салдарынан кемі бес адам мерт болған, 15 адам жарақат алған. Бұл туралы облыс әкімшілігінің жетекшісі Вадим Филашкин мәлімдеді.
"Қараңғы түскенде ресейліктер қалаға үш соққы жасады. Алдын ала мәлімет бойынша, төрт көпқабатты үй бүлінген" деп жазды шенеунік үйлердің біріндегі өрттің суретін жариялай отырып.
Соғысқа дейін Добропольеде 30 мыңдай адам тұрған. Қала қазір ауыр шайқас жүріп жатқан Покровскінің солтүстігіне қарай 20 шақырым жерде орналасқан.
Түнде сондай-ақ Ресей дрондары Одессаға да шабуылдаған. Бұл туралы Одесса әкімшілігінің басшысы Олег Кипер хабарлады. Оның сөзінше, соққы азаматтық және энергетикалық инфрақұрылымдарға тиген.
"Қалдықтардың құлауынан өнеркәсіп ғимараты мен жанармай бекеті өртке оранды" деп жазды Кипер жапа шеккендер саны нақтыланып жатқанын атап өтіп.
Соның алдында ғана АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп Украинаға "дәл қазір соққы жасап жатқан" Ресейге санкция салу жайын қарап жатқанын мәлімдеген.
Бергей Рысқалиевті аңдыған. Лондон соты Ресей үшін тыңшылық жасады деген Болгария азаматтарын кінәлі деп тапты

Лондондағы алқабилер соты Ресей тапсырысымен тыңшылық жасады деген үш Болгария азаматын кінәлі деп тапты. Бұл үшеу Еуропада Insider медиа жобасының шеф‑редакторы Роман Доброхотов пен журналист-зерттеуші Христо Грозевті аңдып, Қазақстанға қарсы ақпараттық шабуыл жасамақ болған. Олар сондай-ақ Атырау облысының бұрынғы әкімі, қазір Ұлыбританияда тұратын Бергей Рысқалиевті де аңдыған. Сот процесі басталған кезде Би-би-си айыптау актісіне сілтеп, экс-әкімді аңду "Ресей мен Қазақстанның байланысын нығайту үшін жасалған. [Қазақстан] билігіне саяси оппоненттерінің қудаланғаны тиімді болуы мүмкін" деп жазды.
Сондай-ақ, бұл топ өзара әңгімесінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы жайлы жалған гей-порно жасамақ болған. Бұл туралы осыған дейін Telegraph жазған. Басылымның хабарлауынша, бұл топ Қазақстан президентінің ұлына оны романтикалық немесе жыныстық қатынасқа тартатын адам жіберу мәселесін де талқылаған. Арнаулы қызметтер "бал тұзақ" деп аталатын осы әдісті әдетте саяси мақсатта қолданады.
Жалған гей-порно жасау ісінде сотталушылар гей-клубтың иесі деген бір адамнан сұхбат алып, оған "Қазақстан президентінің ұлы тұрақты клиенті екенін" айтқызбақ болған. Бұл қаралау қадамының түпкі мақсаты белгісіз. Бірақ Telegraph және Daily Mail басылымдарының жазуынша, бұл тапсырыстардың артында тұр деген адам: "Мұны жарияласақ, Қазақстанда драма болады" деп айтқан. Кейінірек сотталушылар бұл жоспардан бас тартып, Қазақстанның Лондондағы елшілігі алдында "жалған наразылық акциясын" өткізумен шектелуге тоқтаған. Жоспар бойынша, елшілік ғимаратына дроннан шошқа қанын төкпек болған. Ол үшін тіпті сынақ өткізіп, шошқа қанының сұйықтығы қандай болуы қажетін анықтаған.
Айыптаушылардың айтуынша, топқа тапсырыс беруші – Wirecard төлем жүйесінің бұрынғы операциялық директоры Ян Марсалек.
Британ прокурорларының сөзінше, Болгария азаматтары 2020 жылғы тамыз 2023 жылғы ақпан аралығында Ресей арнаулы қызметтерінің тапсырысы бойынша ақпарат жинаған, тыңшылық жүргізген.
Тыңшы тобына кемі алты адам кірген. Алқабилер Ваня Гарберованы, Катрин Иванованы және Тихомир Иванчевті кінәлі деп тапты деп хабарлады Азаттықтың Болгар қызметі. Қалған үшеуін сот осыған дейін кінәлі деп тапқан.
Иванова тыңшылықтан бөлек бірнеше жалған куәлік ұстағаны үшін де сотты болған. Айыптау актісіне қарағанда, барлығы да орындаған тапсырмалары үшін ақша алған.
Трамп Ресейге санкция салуды қарастырып жатқанын мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға "дәл қазір соққы жасап жатқан" Ресейге санкция салу жайын қарап жатқанын айтты. Бұл – оның президенттікке келгелі Мәскеуді қатты сынай сөйлеген алғашқы мәлімдемесі. Осы арқылы ол Мәскеуді бітімге келтіріп, қантөгісті тоқтатуға болады деп есептейді.
Трамп Truth әлеуметтік желісінде мынадай жазба қалдырды: "Ресей дәл қазір майдан алаңында Украинаға "шабуыл жасап жатқанын" негізге алсақ, атысты тоқтатуға қол жеткізбейінше және бейбітшілік туралы соңғы келісімге келмейінше Ресейге ірі көлемде банк және тариф санкцияларын салуды қарастырып жатырмын. Ресей мен Украинаға қарата айтамын, тым кеш болып кетпейінше дәл қазір келіссөз үстеліне отырыңыздар".
Өткен түні Ресей Украинаның энергетика инфрақұрылымына жойқын соққы жасаған. Осыған байланысты Украина президенті Владимир Зеленский одақтастарын Ресейге тізе батырып, соғысты тоқтатқызуға, ол үшін алдымен әуе мен теңізде атысты доғаруға қол жеткізуге шақырған.
Әлеуметтік желіде жариялаған постында Зеленский Ресей өткен тәулікте 70 қанатты және баллистикалық зымыран атқанын, 200 дрон жібергенін айтты. Бұлардың барлығы елдің түрлі энергетика нысандарын, кейбірі тұрғын аударды көздеген. Зеленский бұл шабуылдан адам шығыны болған-болмағанын нақтыламады.
"Шынайы бейбітшілікке апарар бірінші қадам – бұл соғыстың негізгі көзін, яғни Ресейді, адам өміріне қарсы бағытталған осындай шабуылдарды тоқтатуға мәжбүрлеу" деп жазды Зеленский.
Трамп тараптарды келіссөз үстеліне отырғызуға мәжбүрлеу үшін нақты қандай шара қолданатынын айтпады. Ол 2025 жылы 20 қаңтарда қызметіне кіріскеннен бірнеше күн өткен соң бір сөзінде ол Ресейді бітімге көндіру үшін "салық, тариф және басқа да санкциялар" салуы ықтимал екенін айтқан. Бірақ бұдан әрі нақты ештеңе болмады.
Мұның алдындағы апталарда АҚШ пен Украина арасында дипломатиялық қақтығыстар болды. 28 ақпандағы Ақ үйде болған кездесуде Трамп пен Зеленский тәжікелесіп қалып, артынша АҚШ президенті Украина басшысы "бейбітшілікке дайын емес" екенін айтқан.
Зеленский Ресейге тізе батырып, әуе мен теңізде шабуылды тоқтатқызуға шақырды

Украина президенті Владимир Зеленский одақтастарын Ресейге тізе батырып, соғысты тоқтатқызуға, ол үшін алдымен әуе мен теңізде атысты доғаруға қол жеткізуді сұрады. Мұның алдында ғана Мәскеу энергетика және газ инфрақұрылымын көздеп, Украинаның түрлі аймағына зымыран және дрон жаудырған.
7 наурызда әлеуметтік желіде жариялаған постында Зеленский Ресей өткен тәулікте 70 қанатты және баллистикалық зымыран атқанын, 200 дрон жібергенін айтты. Бұлардың барлығы елдің түрлі энергетика нысандарын, кейбірі тұрғын аударды көздеген. Зеленский бұл шабуылдан адам шығыны болған-болмағанын нақтыламады.
Соңғы күндері Вашингтоннан бейбіт келісімге шақырған дипломатиялық қысым күшейген. Келесі аптада Украина делегациясы АҚШ өкілдерімен бітім келісімінің жай-жапсарын талқылау үшін Сауд Арабиясына барады.
"Шынайы бейбітшілікке апарар бірінші қадам – бұл соғыстың негізгі көзін, яғни Ресейді, адам өміріне қарсы бағытталған осындай шабуылдарды тоқтатуға мәжбүрлеу. Және мұны бақылауға болады. Әуеде тыныштық орнатып, зымыран, алысқа ұшатын дрон және авиабомбаны қолдануға тыйым салу керек. Бұған қоса қалыпты теңіз тасымалының шынайы кепілі – теңізде тыныштық орнату. Украина бейбітшілікке қадам жасауға әзір, бұл соғыстың бірінші күнінен бастап бейбітшілікке ұмтылып отырған басты ел – Украина" деп жазды Зеленский.
Бұл соққы – 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргелі елдің энеретика инфрақұрылымына жасалған 30-шы ауқымды шабуыл. Сол арқылы Ресей Украинаның аса маңызды энергетика нысандарын істен шығарып, әлсіретуді көздейді. Соңғы екі аптада Ресей Одесса аймағындағы энергетика нысандарын оқтын-оқтын шабуылдады.
Украина әуе күштерінің мәліметі бойынша, шабуыл түнгі сағат 3-те басталған. Осы уақытта Ресей Қара теңізден "Калибр" қанатты зымырандарын ұшыраған. Содан соң "Кинжал" гибердыбыстық зымырандарын тасымалдайтын "МИГ-31К" әскери ұшағы ұшып келгені жөнінде дабыл қағылған.
Бұған қоса, Ресей күштері жүздеген дрон ұшырған.
Зеленскийдің айтуынша, шабуылды тойтару үшін Франция берген F-16 және Mirage-2000 ұшақтары қолданылған. Бұл ұшақтар – Франция президенті Эммануэль Макрон 2024 жылғы маусымда берген көмектің бір бөлігі.
7 наурыздағы шабуылдан соң Польша әуе қорғаныс күштерін іске қосып, жойғыш ұшақтарын әуеге көтерді. Польша қарулы күштерінің мәліметі бойынша, Ресейдің әуедегі белсенділігіне байланысты Польша мен оның одақтастары кез келген қауіпке дайын болып, шабуылдың бетін қайтару үшін мониторинг жүргізген.
Украинаның мемлекеттік "Нафтогаз" компаниясы оның инфрақұрылымына 17-рет түрлі құралдармен шабуыл жасалғанын растады.
Компанияның бас директоры Роман Чумак газ өндіретін өндіріс нысандары қатты зардап шеккенін, бірақ қазір қалпына келтіріліп жатқанын хабарлады.
Ресей Украинаның энергетика және газ инфрақұрылымына шабуыл жасады

Ресей әскері Украинаның энергетика мен газ инфрақұрылымына ракета және дрондармен шабуыл жасады деп хабарлады Украинаның энергетика министрі Герман Галущенко.
"Украинаның әртүрлі аймағындағы энергетика және газ инфрақұрылымы тағы да зымыран мен дрондармен жаппай атқыланып жатыр. Құтқарушылар мен энергетиктер мүмкіндігінше соның салдарын жоюға күш жатыр. Энергия мен газбен қамтамасыз етуді тұрақтандыру үшін барлық тиісті шаралар қабылданып жатыр" деп жазды ол Facebook-та.
Оның пікірінше, Ресей энергетика және газ өндіру нысандарын атқылау арқылы "қарапайым украиндарға көбірек зиян тигізуге тырысып жатыр”.
Министр азаматтарды әуе шабуылы кезінде сыртқа шықпауға кеңес берді.
Харьковта азаматтық инфрақұрылым нысанына соққы жасалған. Қала мэрі Игорь Тереховтің сөзінше, соққы тиген жерден өрт шыққан. Көп қабатты тұрғын үй бүлінген, аумақтан тұрғындар эвакуацияланған. Кейінгі мәлімет бойынша, 8 адам зардап шеккен.
Полтава облысында жеке тұрғынүйге ракета бөлшегі құлаған. Екі адам зардап шеккен, бірі - бала. Екі жеке үй мен газ құбыры бүлінген деп хабарлады облыс әкімшілігі.
Тернополь облысында "маңызды өнеркәсіп нысаны" атқыланған. Облыс әкімшілігі газбен қамтамасыз етуде ақаулар болуы мүмкін екенін ескертті. Чернигов облысында шабуылдың нәтижесінде өндіріс нысандарының бірі бүлінген.
Алматы әуежайында ер адам әуежай қызметкерін кепілдікке алған

Бүгін, 7 наурызда әлеуметтік желіде ер адамның бір қолымен әуежай қызметкерінің шашынан тартып, екінші қолымен айналасына пышақпен сес көрсетіп жатқаны байқалатын видео тарады. Ер адам видеода басқаларға “жақындамаңдар” деп қорқытады. Видео 7 наурызда Алматы әуежайында түсірілген деп айтылды.
Алматы әуежайының баспасөз қызметі оқиғаны растады. Оқиға 7 минутқа созылған. Ізінше одан суық қару тәркіленіп, ұсталған.
“Сағат 11:45-те жолаушы кейпіндегі ер адам ішкі терминалдағы тексеріс аймағына жақындады. Авиация қауіпсіздігі қызметінің өкілдері ер адамнан құжаттарын көрсетуді сұраған кезде ол қызметкерді шашынан ұстап алып, пышақпен қорқыта бастады. 7 минуттан кейін ер адам қарусыздандырылды. Қазіргі уақытта ер адам желілік полиция бөлімінде” деп хабарлады әуежай өкілдері.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Күдіктінің аты-жөні айтылмайды.
Бұған қоса, күндіз Алматы әуежайында қылмыскерді ұстауға көмектескен ер адам мемлекеттік наградаға ұсынылғаны белгілі болды. Президенттің баспасөз хатшысы желідегі парақшасында осылай деп жазды.
“Президент қылмыскердің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, аталған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды” деді баспасөз хатшысы.
Козачков телеграм-арнасының жазуынша, ол полиция қызметкері емес – оқиға орнына кездейсоқ тап болған және [қызметкерді босатып], өзін кепілдікке алуды ұсынған. Видеода оның пышақты үшкір жағынан жылдам тартып алғаны көрінеді.
NYT: Ақ үй бірқатар ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне тыйым салмақ

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі бірқатар ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне тыйым салатын құжатты әзірлеп бітті. Бұл жөнінде бірнеше дереккөзге сүйенген The New York Times басылымы жазды. Ақпаратқа қарағанда, Трамптың бірінші президенттігі кезіндегі шектеулерге қарағанда бұл жолғысы ауқымдырақ.
Дереккөздің мәліметінше, азаматтары АҚШ-қа кіре алмайтын елдердің "қызыл тізімі" жасалмақ. Олардың қатарында Куба, Иран, Ливия, Солтүстік Корея, Сомали, Судан, Сирия, Венесуэла және Йемен бар. Бұл топқа Ауғанстан да енгізілуі мүмкін.
Осыған дейін Reuters агенттігі келесі аптадан бастап Пәкістан мен Ауғанстан азаматтары АҚШ-қа кіре алмауы мүмкін деп жазған еді.
Бұдан бөлек, "қызғылт тізім" де жасау ұсынылып жатыр. Оған енген ел азаматтарының АҚШ-қа кіруіне толық тыйым салынбайды, бірақ белгілі бір шектеулер болады.
"Сары тізімге" енетін елдерге АҚШ "кейбір кемшіліктерді" жоюға 60 күн бермек. Айталық, бұл АҚШ-қа баратын азаматтар туралы ақпарат беру туралы талап болуы мүмкін. Егер кемшіліктер түзетілмесе, ол елдер "қызғылт" немесе тіпті "қызыл" тізімге де енгізілуі мүмкін.
NYT жазуынша, аталған шектеулердің визасы бар, сонымен бірге тұрақты тұруға рұқсат алған азаматтарға қатысы бар-жоғы белгісіз.
Трамптың бірінші президенттігі тұсында енгізілген шектеулер мен тыйымды онан кейін Ақ үйге келген Джо Байден инаугурациядан кейін бірден жойған еді.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% дейін көтерді

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 15,25 пайыздан 16,5 пайызға дейін бірден көтерді.
Ведомство мұны инфляцияны бақылау және тәуекелдерді азайту қажеттілігімен түсіндірді.
“Бұл қысқа және ұзақмерзімді инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға, баға өсуінің жеделдеу үрдісінің бекітілуіне жол бермеуге және инфляцияның артуын болдырмауға мүмкіндік береді. Бүгінгі шешім халық табысының сатып алуға жарамдылығын сақтауға және жинақтарын қорғауға, сондай-ақ нарық қатысушыларының теңгедегі активтерге сенімін қолдауға бағытталған” деп жазылған ұлттық банктің хабарламасында.
Ведомствоның жазуынша, Қазақстанда инфляцияның барлық көрсеткіші бойынша өсу байқалады. Ақпан айында жылдық инфляция 9,4 пайызға дейін өскен.
"Ресейде инфляция қарқын алғандықтан сыртқы сектордың бағаға әсері күшейді. 2024 жылғы желтоқсаннан бастап біршама төмендегеніне қарамастан, дүниежүзінде азық-түліктің бағасы әлі жоғары. Қазіргі уақытта баға жаһандық дәрежеде тұрақты өсіп жатыр" деп жазылған хабарламада.
Ведомство хабарламада инфляциялық және геосаяси тәуекелдер сақталып отырғанын және осы жайт орталық банктердің қатаң ақша-кредит саясаты мен риторикасына негіз болғанын жазды.
Қаңтарда ұлттық банк инфляцияның артып, теңгенің әлсіреуіне байланысты базалық мөлшерлемені 15,25 пайыз деңгейінде қалдырған еді. Дәл осы мөлшерлеме бүгінге дейін сақталып келген.
Базалық мөлшерлеме – бұл орталық банктің ақша құнын басқару тетігі. Ұлттық банк базалық ставканы екінші деңгейлі банктерге кредит берерде және олардың ақшасын депозитке қабылдарда қолданады. Яғни, ұлттық банк коммерциялық банктерге несиені дәл осы базалық ставкамен береді.
Елде инфляциямен қатар қызмет көрсету құны да артып жатыр. 2025 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша елде ақылы қызмет көрсету бағасы 13,8 пайызды құраған.
2024 жылдың ақпан айымен салыстырғанда суық су бағасы – 70,7 пайыз, электр энергиясы - 21 пайыз, орталық жылу жүйесі – 18,2 пайыз, су жүргізу – 17,3 пайыз, ыстық су – 14,5 пайыз қымбаттаған.
Кешенді демалысты ұйымдастыру қызметі – 34 пайызға, байланыс - 14,3 пайызға, шаштараз және жеке қызмет көрсету орындары - 12,3 пайызға, денсаулық сақтау қызметі - 11,8 пайызға, қоғамдық тамақтандыру - 10,8 пайызға қымбаттаған. Темір жол билеті - 20 пайызға, ұшақ билеттері 12,5 пайызға, қалалық автобуспен қатынау құны 10,5 пайызға артқан.
Картоптың бағасы 62,1 пайызға, бас пияз 27,3 пайызға өскен.
Аймақ бойынша 2025 жылы ақпанда сегіз облыста инфляция орташа республикалық деңгейден асып кеткен: ең көбі Астанада (12,7 пайыз), Ақмола (10,7 пайыз) және Батыс Қазақстан (10,5 пайыз) облыстарында тіркелген.
Украина мен Франция уран байыту бойынша келісімге қол қойды

Француздың Orano энергетикалық компаниясы мен Украинаның атом энергетикасы жөніндегі ұлттық операторы Энергоатом 6 наурызда 2040 жылға дейін уран байыту қызметін тасымалдау бойынша ірі ұзақмерзімдік коммерциялық келісімге қол қойғанын мәлімдеді.
6 наурызда Венада құжатқа Энергоатомның бас директоры Петр Котин және Orano-ның бас директоры Николас Маес қол қойды.
Энергоатом сайтындағы мәліметке қарағанда, келісімшарт Украинаның атом паркін ядролық отынмен қамтамасыз етіп, оған уран байыту қызметтерін сенімді әрі әртараптандырылған күйде жеткізуге кепілдік береді.
- Энергоатом Украинаның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып жатыр. Уранды байыту – ядролық отынды өндіру процесіндегі маңызды кезеңдердің бірі және қол қойылған келісім мемлекетімізге атом электр станцияларының жұмысына негізделген тұрақты, жарқын болашақты жоспарлауға мүмкіндік береді, деді Петр Котин.
Украинада 15 энергоблогы бар төрт атом электр станциясы (АЭС) жұмыс істейді. Солардың бірі, жалпы қуаты 6000 МВт болатын алты энергоблогы бар Запорожье АЭС-і - Еуропадағы ең ірі атом станциясы саналады. Энергетика реакторларының саны жағынан Украина әлемде - 10, Еуропада бесінші орында тұр.
Келлог: АҚШ Ресеймен қарым-қатынасты ретке келтіруі керек

Вашингтон Мәскеумен қарым-қатынасты қайта ретке келтіруі керек, оқшаулау саясаты ендігәрі тиімді емес. АҚШ-тың Украина және Ресей бойынша арнайы уәкілі Кит Келлог Вашингтондағы халықаралық қатынас жөніндегі кеңес кезінде осылай деп мәлімдеді.
"Одақтастармен де, қарсыластармен де араласпау - дипломатиядағы басты қателік" деді ол.
Киевпен барлау деректерін алмасуды тоқтату туралы шешімге пікірін айтқан Келлог оны "Ресейге жасалған үлкен жеңілдік" деп атады. Трамптың арнайы өкілі көмектің тоқтатылғаны мен барлау деректерінің берілмеуіне "украиндардың өзін" кінәлады.
Келлогг Трамп әкімшілігінің "екі жаққа қысым мен ынталандыруды қолдана отырып", бейбіт шешімге қол жеткізу үшін жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұндай шаралардың арасында Ресей активтерін бұғаттау және энергетика секторына санкция салу да бар.
Келлогтың айтуынша, "барлау деректерін алмасуды және әскери көмекті қалпына келтіру үшін" АҚШ пен Украина пайдалы қазбалар бойынша келісімге қол қоюы керек. Келлогтың осы сөзінен CNN үзінді келтіреді.
Ол сөз арасында Зеленскийдің батылдығына "сүйсінетінін" жеткізді.
"Үш жыл бұрын басқыншылық басталған кезде АҚШ оған кетуді ұсынған кезде "маған такси керек жоқ, оқ-дәрі керек" деді. Америкалықтардың тілімен айтсақ, міне, осындай жігітпен сыра ішуге болады" деді арнайы уәкіл.
- АҚШ президенті Дональд Трамп Украина мен Ресейдің тезірек бітімге келгенін талап етіп отыр. ЕО елдерінің басым көпшілігі - бейбітшілік шарттарын бірінші кезекте Украина анықтауы керек деп санайды.
- 28 ақпанда Ақ үйде Украина мен АҚШ жоспарланған пайдалы қазбалар туралы келісімге қол қойған жоқ. Ол кезде екі елдің басшылары сөз таластырып, тараптар келіссөз бітпей залдан шығып кеткен.
- Кейін Зеленский Ақ үйдегі кездесудің "ойдағыдай өтпегеніне" өкініш білдіріп, мүмкіндігінше тезірек келіссөз үстеліне отыруға дайын екенін мәлімдеген. Украина президенті АҚШ-қа көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін бірнеше рет алғыс айтты.
"Орыс болғаным үшін сынады" деп шағымданған депутат "бәріміз қазақпыз" ғой деп жазба жариялады

"Орыс болғаным үшін сынады" деп шағымданып, ресейлік ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналған Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Никита Шаталов 6 наурызда телеграм-арнасында жазба жариялап, өзінің "орыстан гөрі қазаққа көбірек ұқсайтынын" жазды. Ол жазбасының соңында қазақша "сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ" деп "енді мұндай қайталанбайды" деп жазып қойған.
Жазбасы "Бәріміз қазақпыз ғой!" деп аталады. Бұған дейін ресейлік ақпарат агенттіктері оның "шыққан тегіме байланысты жағымсыз пікірлерге тап болдым" деген пікірін жариялаған. Бұл тақырып желіде қызу талқыланды.
"Мұндай жайт этникалық орыс болғандықтан ғана туындайды деп айтуға мәжбүрмін. Дәл сол себепті" деген депутаттың сөзінен Lenta.ru, РБК және ТАСС агенттіктері мысал келтіреді.
5 наурызда Ulysmedia порталына берген сұхбатында өзін "ресейшіл" деп айыптағандарға жауап берген депутат сынды өзінің шыққан тегімен байланыстырған еді.
Биліктің "Аманат" партиясы атынан мәжіліске сайланған депутат ақпан айында Каспий құбыр консорциумына дронмен шабуыл жасағаны үшін Украинаны жауапкершілікке шақыру қажет деп мәлімдегеннен кейін Қазнетте қолданушылар оны ресейшіл ұстанымы үшін сынаған. Бұған қоса, zakon.kz сайтындағы Шаталовтың ресми биографиясында туған жері ретінде Қазақ ССР деп көрсетілген, бірақ депутаттың өзі Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін яғни, 1992 жылы дүниеге келген.
"Соңғы кездері маған қатысты сан алуан тұспалдаулар айтылып жатыр: біресе "өмірбаянында туған жерін Қазақ ССР-ін әдейі көрсетіп қойған" десе, біресе ресейлік БАҚ менің сөздерімді контекстен жұлып алып, мен айтпақ болған нәрседен басқа жаққа қарай бұрмалап жатыр. Соңғы мәлімдемемді екіұшты түсіндіруге болатынын мойындаймын, бұл менің қателігім. Бірақ толық оқымасаңыз немесе көрмесеңіз ғана" деп жазды 6 наурызда Шаталов.
Ол Қазақстаннан басқа туған елі жоқ екенін де атап өткен.
"Мынадай қанатты сөз бар: "Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ!". Мұндай оқиға енді қайталанбайтынына сенімдімін" деді депутат.
Ресейлік пропагандистер мен мен саясаткерлер Қазақстандағы русофобия мен орыстарды кемсіту туралы бұрын да бірнеше рет айтқан. Олардың кейбірі Украинадан кейін Қазақстанды «денацификациялауға» шақырған. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қазақстанды мұндай айыптаулар Кремльдің ұстанымы емес екенін атап өткен.
Қазақстан билігі Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптамаған және қолдаған да жоқ. Ресми Астана Мәскеу аннексиялап алған Украинаның аймақтарын Ресейдің жері деп мойындаған емес. Украина мен Ресей арасындағы соғыста бейтарап позиция ұстануға тырысатын Қазақстан бұл мәселеде қандай да бір тарапқа үзілді-кесілді баға беруден тартынады. Әйткенмен 2024 жылы қыркүйекте Германия канцлері Олаф Шольц Астанаға сапармен келген кезде президент Тоқаев "әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық" деп мәлімдеді. Ол осы сөзін кейінгі форумдарға тағы қайталады.
Қазақстан құрамында Ресей бар бірнеше одаққа мүше, экономикалық жағынан да оған кіріптар, мысалы, Еуропаға шығатын қазақ мұнайының басым бөлігі Ресей аумағынан өтетін құбырмен жөнелтіледі.
Атыраулық шаруа былтыр тасқын қиратқан үйі мен қорасының өтемақысын әлі ала алмай жүр

Атырау облысының Махамбет ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен шаруа Төленбай Аманбаев әлі күнге дейін үйі мен қорасының өтемақысын ала алмай отыр. Мұны Азаттыққа шаруаның өзі айтты.
Тасқын кезінде Аманбаевтың «Шабай» шаруа қожалығындағы үй-жайы мен қора-қопсысы су астында қалған. Ол үйді 2013 жылы салыпты. Бүгінде төрт бөлмелі баспанасы қирап, үйіндіге айналған. Бағалау комиссиясы шығын толық есептелмейінше, ештеңені қалпына келтірмеуге кеңес берген. Аманбаев қожалығының шығыны 33 млн теңге деп бағаланған. Облыс әкімдігі бұл шектен тыс сома деп, ауданға қайта қарауға жіберген. Бірақ аудан әкімдігі шығын сомасын сол күйінде қалдырған.
Аманбаев үйі мен қорасы үшін өтемақы бойынша былтыр 19 сәуірде өтініш тапсырған. 33 млн шығыннан бөлек, осыған дейін «Шабай» шаруа қожалығына 7 гектар жоңышқа алқабы мен 50 жеміс ағашына 1 млн 841 мың 965 теңге көлемінде өтемақы төленген.
Қазір шаруа қыстағына малын суарып, жемдеп-бағып, қораларын тазалау үшін үшін күніне үш-төрт рет келуге мәжбүр. Үйі мен қыстағының арасы 8 шақырымдай. Қыстақтағы үйі суға кеткелі бірнеше сағат қараусыз қалған мал қатты аязда шығынға да ұшыраған. Екі сиыр, төрт бұзауы өлген. Қазір қожалығында 80-ге жуық сиыр, 70-ке жуық жылқы бар. Қазіргі кезде оларды бағу барған сайын қиындап барады.
Шаруа бағалаушылар тасқында қираған үй мен қораға тиіспеңдер десе де, қыста мал үсіп қалмас үшін жақын жерден қора салған. Оған 5 млн теңге жұмсаған.
Биыл Махамбет ауданына да су тасқыны қаупі төніп тұр. Аманбаев өтемақы алған соң, жаңа үйді басқа жерден салуды жоспарлап отыр.
-Былтыр желтоқсанда құжатты кері тапсырғанда облыс әкімдігі Махамбет ауданы ауыл шаруашылығы бөлімі шаруа қожалығымның тасқынға дейін жұмыс істегенін растау туралы анықтама беруін талап еткен. Енді биыл кері құжат тапсыруға барғанда осы ақпанда ұлттық экономика министрлігінің өтемақы туралы бұйрығы шықты деп, құжат толтыру ережесінде өзгеріс бар деп, комиссия қайтадан құжат тапсыруға жіберді. Тасқыннан зардап шеккенімді растау үшін қайтадан құжат тапсырғалы жүрмін. Қала мен ауылдың, ауыл мен қыстақтың арасында сенделіп жүрміз. Үйсіз далада тұру оңай емес, - дейді Төленбай Аманбаев.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хатшысы Руслан Жұмағазиев 6 наурызда Азаттық сауалына Аманбаевтың үйі мен қорасының суға кеткенін дәлелдейтін құжаттарын биыл өтемақы төлеу ережесіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, кері тапсыруы тиіс екенін қайталады. Оның сөзінше, бүгінге дейін тасқын кезінде зардап шеккен 112 шаруаның өтініші қанағаттандырылып, 1 млрд 117 млн 746 мың 112 теңге өтемақы төленген.
Тасмағамбетов: Еуропа Украинаға әскер жіберсе, ҰҚШҰ "түрлі көмек нұсқаларын" қарастырады

Украинада Еуропаның бітімгер әскерін орналастыру аймақтағы жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін деді Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов ресейлік "Известия" басылымына берген сұхбатында.
"Осы күнге дейін бұл (Еуропаның әскері) контингент ресми түрде болмаған. Бұл аймақта қауіпті жағдай тудыруы мүмкін" деді Тасмағамбетов.
"Мұндай қатер туындай қалса, ҰҚШҰ ұйымның жарғылық құжаттары аясында, ұйымға мүше мемлекеттердің барлығымен келісе отырып түрлі көмек нұсқаларын ұсынуға дайын болады" деді ол.
Оның айтуынша, "экономика мен әлеуметтік салада өршіп жатқан негатив құбылыстардан шаршаған халық өз үкіметтерінің мұндай шешімін қолдай қоюы да екіталай".
Тасмағамбетов сұхбатта Францияның ядролық держава ретінде Еуропа елдерін "ядролық қалқаға" алу туралы ұсынысына да пікір білдірген. Ол Францияның саяси билігі осындай ұсыныс арқылы "Еуропадағы өзінің позициясын нығайтқысы келеді" деді.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі бұған дейінгі сұхбаттарында да Кремльдің Батысқа қарсы тұжырымдарын қайталаған еді. Былтыр күзде Ресей басшысы Владимир Путин Астанадағы ҰҚШҰ саммитінде Украинаға "Орешникпен" тағы соққы жасайтынын айтып, Киевті де нысанаға алуы мүмкін екенін айтып сес көрсеткен. Ізінше Тасмағамбетов Ресей астанасында өткен баспасөз жиында Батыс елдеріне қатысты "дос емес елдер" тіркесін пайдаланып, НАТО-ның Ресей мен Беларусьқа "гипотетикалық шабуылы" туралы айтқан.
2024 жылғы 28 қарашада ҰҚШҰ-ның Астанада өткен саммитіне қатысқан Ресей президенті Владимир Путин "Орешник" баллистикалық ракетасымен "Киевтегі шешім қабылдайтын орталықтарға" соққы жасалуы мүмкін екенін айтып, сес көрсеткен.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы - 1992 жылы негізі қаланған, құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіретін әскери-саяси ұйым. Жарғысы бойынша, ұйымға мүше елдердің біріне шабуыл жасалған жағдайда басқа елдерден оған әскери көмек көрсетеді. Таулы Қарабақ төңірегінде Әзербайжанмен арадағы қақтығыс кезінде "көмек көрсетпегені" үшін Армения премьер-министрі 2024 жылы бұл ұйымнан шығатынын мәлімдеген. ҰҚШҰ жалғыз мәрте - 2022 жылғы қаңтарда Қаңтар оқиғасы кезінде стратегиялық маңызды нысандарды "террористерден" қорғау үшін Қазақстанға аз уақытқа әскер кіргізген.
Иманғали Тасмағамбетов - Қазақстан билігінде лауазымды қызметтер атқарған адам. Ол әр жылдары Атырау облысының, Алматы және Астана қалаларының әкімі, қорғаныс министрі және Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметтерін атқарған. 2002-2003 жылы премьер-министр болған. 2023 жылғы қарашадан штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бас хатшысы.
Бас прокуратура Арғын Нығматулинге халықаралық іздеу жарияланғанын растады

Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинге халықаралық іздеу жарияланды. Ақпаратты бейсенбі, 6 наурызда сенат кулуарында бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев растады.
"Халықаралық іздеу әрдайым Интерпол арқылы жүргізіледі. Құқық қорғау органдарымыз мұны өз бетімен жасай алмайды. Интерпол арқылы қызыл бюллетень шығарылады, содан кейін Интерпол белгілеп, есеп береді" деді Әсет Шыңдалиев.
Үш күн бұрын Арғын Нығматулинге іздеу жарияланғаны хабарланған. Іздеу ісі Астанада тіркелген.
69 жастағы Арғын Нығматулин 10 жылдай Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарындағы "Жылжымайтын мүлік орталығын", ал 2006-2018 жылдар аралығында Қарағандыдағы "Сарыарқа" хоккей клубын басқарған. Былтыр клуб мемлекет балансына қайтарылған. Сол уақытта прокуратура оның жекеге өту заңдылығын тексеріп жатқанын хабарлаған. Арғын Нығматулин Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болған.
Арғын – ағайынды Нығматулиндердің үлкені. Бауыры Нұрлан Нығматулин 8 жыл Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – мәжіліс төрағасы болды. Ол 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін өкілетін тоқтатқан.
Нұрланның сыңары Ерлан Нығматулин – кәсіпкер әрі ұзақ жыл мәжілісте және сенатта депутат болған. Forbes Қазақстан журналы 2021 жылы оны елдегі ең ықпалды кәсіпкерлер қатарына қосқан. Былтыр Азаттық радиосы "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуінде Нығматулиндердің Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ондаған жылжымайтын мүлкін көрсеткен. Ондағы үйлердің бірі Арғын Нығматуллиннің әйелі Найле Белбаеваға тиесілі екені айтылған. Арғын Нығматуллин Азаттық тілшісіне "қылмыс жасадық па, мен зейнеттегі адаммын, енді қоңырау шалма" деп жауап берген еді.
Арғын Нығматулин іздеу салу ісі бойынша Азаттық сұрағына әлі жауап бермеді.
Бас прокуратура Шерзат Полаттың үйін өртегендер әлі табылмағанын айтты

Алматы облысы Талғар ауданында кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың үйін өртеді деп күдікке ілінгендер әлі табылмады. Бұл жөнінде 6 наурызда бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев мәлімдеді.
"Тергеу жалғасып жатыр. Сотқа дейінгі тергеудің қорытындысы қандай болатынын қазір айта алмаймын. Бірақ қандай да бір ақпарат пайда болса, қоғам өкілдеріне хабарланады. Әзірге [күдіктілер] жоқ. Ондай ақпарат жоқ" деді Әсет Шыңдалиев бейсенбі күні сенат кулуарында. Оның сөзінен үзіндіні ҚазТАГ келтіреді.
Бас прокурордың орынбасарының сөзінше, 16 жастағы Шерзат Полаттың қазасына қатысты іс бойынша қазір прокурорлар айыптау актісін әзірлеп жатыр.
"Қылмыстық тергеу толық аяқталды. Іс прокуратура органдарына қарастыру және айыптау актісін жасауға жолданды. Қазір Алматы облысының прокуратурасы жүргізілген тергеу амалдарының заңдылығын зерттеп, соның нәтижесіне қарай оны сотқа жіберу бойынша шешім қабылданады. Нақты мерзімін айта алмаймын, себебі заң бойынша мұндай шешімдер он күн ішінде қабылданады. Егер іс күрделі, көп эпизодтан тұрса, онда прокурорлардың мұндай шешімдерді бір ай ішінде қабылдауға мүмкіндігі бар" деді Шыңдалиев.
Ресми ақпаратқа қарағанда, тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған. Қылмыстық істе 62 том бар.
- 16 жастағы Шерзат Полат 2024 жылы 4 қазанда жасөспірімнің отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкен маңында қаза болған. Сатып алушылардың бірімен болған даудың соңы жанжалға ұласып, ол достарын шақырып, суық қару қолданылған. Оқиғадан соң қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Бұған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
- Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысы бар" деген күдікке ілінген сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша күдікті үш адам сот санкциясымен қамауға алынған еді.
- Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Аудан тұрғыны Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
- Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Полаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.
- Былтыр 9 желтоқсанда Шерзат Полаттың туысы Нұрғанат Ғайыпбаев қайтыс болды. Полиция "марқұм өзіне қол салған" деген алдын ала болжам барын хабарлады. Марқұмның жақындары Ғайыпбаевтың "суицид жасағанына" сенбейтінін айтқан.
- Нұрғанат Ғайыпбаевтың қазасынан кейін Шерзат Полаттың жақындары әкімшілік жауапқа тартылды. Марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 күнге қамауға алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Онымен бірге екі туысы 15 күнге қамалып, тағы біреуіне айыппұл салынған.
- Ақпанның соңында Алматы облыстық полиция департаменті Талғар қаласында кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу амалдары аяқталғанын хабарлаған.
АҚШ Украина оппозициясымен сайлау туралы жасырын келіссөз жүргізген

АҚШ президенті Дональд Трамптың айналасындағы төрт лауазымды тұлға Украина оппозициясымен президент сайлауы туралы жасырын келіссөз жүргізген. Бұл жөнінде аты-жөндерін айтпаған Жоғарғы раданың үш депутаты мен АҚШ-тағы Республикалық партияның сыртқы саясат бойынша сарапшысы Politico басылымына айтқан.
Келіссөз Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко мен бұрынғы президент Петр Порошенкомен болған. Онда Ресеймен атысты тоқтатуға келіскеннен кейін бірақ бейбітшілік келісім жасаспай тұрып Украинада президент сайлауын өткізу мәселесі талқыланған.
Америка жағы Украинаның қазіргі президенті Владимир Зеленскийдің сайлауда жеңілетініне сенімді, өйткені халық соғыстан әбден мезі болған және елдегі "жемқорлықтың етек жаюына" наразы. Бірақ соңғы сауалнама керісінше жағдайды көрсеткен. Лондондық Survation орталығы жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, Зеленскийге сұралғандардың 44% дауыс береміз деп айтқан. Ал бұл көрсеткіш Порошенкода - 10%, Тимошенкода – 6%.
Украинада президент сайлауы 2024 жылдың мамыр айында өтуі тиіс болған, бірақ Ресей басқыншылығына байланысты елде күшіне енген әскери жағдайға байланысты өтпеді. Украинада тезірек сайлау өткізу идеясын Кремль белсенді түрде алға тартып, Зеленскийді «заңсыз президент» деп атаған. Зеленскийдің өзі Украина НАТО-ға қабылданған жағдайда ғана соғыс аяқталмай тұрып отставкаға кететінін айтқан.
Тимошенко мен Порошенко да соғыс аяқталмай жатып, сайлау өткізуге қарсы. Дегенмен Politico дереккөзінің айтуынша, олар «өздерін Трампқа жұмыс істеуге оңайырақ болатын саясаткерлер ретінде көрсеткен». Тимошенконың кеңсесі құпия келіссөздер туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді. Порошенко партиясының өкілдері "соғыстан кейінгі әділ сайлауды" қолдайтындықтарын айтқан. Америка жағынан келіссөзге қатысқандар Politico басылымының сұрақтарына жауап бермеген.
Шығыс Қазақстан облыстық соты митингіге рұқсат етпеген Өскемен әкімін кінәлі деп тапты

Шығыс Қазақстан облыстық әкімшілік соты бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы митингіге рұқсат бермеген Өскемен қаласының әкімін кінәлі деп тапты. Шешім 4 наурызда шыққан. Бұл жөнінде Азаттыққа талап-арыздың иесі, белсенді Леонид Карташев бүгін, 6 наурызда айтты.
– Әділ шешім оңайлықпен келген жоқ. Сот отырыстары үш айға созылды. Мені қала әкімдігімен келісімге келіп, арызымды қайтарып алуға бірнеше рет шақырды. Осылай етсем, акция өткізуіме рұқсат бермекші екен. Бірақ айтқанымнан қайтпай, табандап тұрып алдым, – деді Леонид Карташев.
Карташев Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуі енгізілген бір жыл ішінде қала әкімдігіне митинг ұйымдастыратынын айтып бірнеше рет хабарландыру берген. Талпынысы сәтсіз болған соң сотқа жүгінген. Сот оның былтыр 2 желтоқсандағы хабарландыруы бойынша өткен.
Судья шешімінде қала әкімінің белсенді акциясын шектеуі «заңсыз» деп жазылған. Судья әкімді белсендіге бір ай ішінде митинг өткізуге мүмкіндік беруге міндеттеді.
Сот шешімінде қала әкімінің аты аталмаған. Сотқа арыз түскен уақытта қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Танекенов болған. Одан бірнеше күн бұрын, 27 қарашада экс-әкім Жақсылық Омар қызметінен кеткен еді. Ал қаланың қазіргі басшысы Алмат Ақышев 11 желтоқсанда тағайындалды.
Белсенді желтоқсанда бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы акцияға рұқсат ала алмаған тұста әкімдік «алаңдар босамайды» деп жауап берген. Бірақ Леонид Карташев межелі уақытта алаңда ешқандай іс-шара ұйымдастырылмағанын анықтап, әкімдікті «сылтау айтқаны үшін» айыптаған. Бұған әкімдік «біз емес, іс-шараны өткізбей қойған ұйымдастырушылар жауап беруі керек» деген. Бірақ әкімдік өкілі қандай іс-шара өткізілмек болғанын және ұйымдастырушы кім екенін айтудан бас тартқан.
Карташев сотқа жүгінгеннен кейін де митингілер өткізуге хабарландырулар берген. Сондай хабарландыруларының біріне, сот жүріп жатқан тұста, 28 ақпанда рұқсат ала алған. Белсенді бұл акцияны 14 наурызға жоспарлап отырғанын айтқан.
2024 жылғы 1 наурызға дейін Қазақстанда екі сағат белдеуі болды. Оны өзгертуді ұсынған шенеуніктер бұрынғы уақыт адамның биологиялық уақыт ритмін бұзады деген уәж айтты. Олар бірыңғай уақыт белдеуінің тағы бір пайдасы: бүкіл ел аумағында бизнес процестерді реттеуге және көлікпен тасу қызметін жеңілдетуге септеседі деді.
Уақыт белдеуі ауысқалы Қазақстанда бұл шешімге қарсылық жиі болып тұрады. Уақытты бұрынғы қалпына келтіруді талап еткен петиция да жарияланып, оған мыңдаған адам қол қойған. Бірақ петицияны қараған құзырлы органдар белсенділер ұсынысын негізсіз деп тапқан.
18 желтоқсанда Астана соты Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары атынан үкіметтің бірыңғай уақыт белдеуі туралы шешіміне қарсы арыз түсірген адвокаттың меселін қайтарды. Арыз иелері үкіметтің уақытты жылжыту туралы шешімінің күшін жоюды сұраған еді.
Макрон ядролық қауіп төнсе Франция ЕО одақтастарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі мүмкін деді

Франция президенті Эммануэль Макрон сәрсенбі күні кешке телеарналардан мәлімдеме жасап, Ресейдің Еуропаға төндіріп отырған қаупі мен АҚШ саясатының ықтимал өзгеруіне орай ядролық держава Францияның ЕО елдерінің қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесін талқыға шығаратынын мәлімдеді.
Бұған дейін бірқатар БАҚ Франция ядролық қару тасымалдай алатын бірнеше жойғыш ұшағын Германияға орналастыруға дайын екенін жазған. Егер АҚШ Еуропадағы әскерін азайтса немесе әскерін мүлде әкетсе, онда бұл ЕО-ның өзге елдері Америка емес - Францияның "ядролық қалқасында" қалады дегенді білдіреді.
Германияның канцлерлігіне үміткер Фридрих Мерц бұған дейін "ядролық қатысу" тетіктерін қайта қарастыру қажеттігін алға тартқан. Қазір соғыс жағдайында неміс ұшақтары Американың ядролық оқтұмсықтарын пайдалана алатын режим күшінде. Мерцтің сөзінше, Франция Германияға жаңа ядролық қатысу режимін талқылауды ұсынған. Париж ядролық бағдарламалардың қымбаттығына байланысты әріптестікке ынта білдірген. Дегенмен неміс үкіметі бұған келіспеген. Мерцтің сөзінше, АҚШ немесе Ресейге қарағанда Париж бен Лондонның ядролық әлеуеті әлсіздеу.
Уолтц: АҚШ пен Украина жақын арада келіссөз өткізуі мүмкін

Украина мен АҚШ жақын арада Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға бағытталған келіссөздің жаңа кезеңін өткізуі мүмкін. Бұл туралы сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтц мәлімдеді. Уолтц журналистерге берген сұхбатында Украинаның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісімен телефон арқылы сөйлесіп, келіссөздің ықтимал орны мен уақытын, сонымен қатар мазмұны мен делегациялардың құрамын талқылағанын жеткізді.
Украина президентінің кеңесшісі Дмитрий Литвин Суспільный басылымына берген сұхбатында Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак Уолтцпен телефон арқылы сөйлескенін айтты. Мұны кейінірек Ермактың өзі растап, жақын арада АҚШ пен Украина өкілдерінің кездесуі болатынын жазды.
АҚШ президенті кеңесшісінің сөзінше, Украина президенті Владимир Зеленскийдің бейбітшілік келіссөзге дайын екендігі жөнінде мәлімдемесінен кейін ілгерілеушіліктен үміт етуге болады.
Уолтцтың сөзінше, Украинаға әскери көмекті қайта жалғастыру осы келіссөздің барысына байланысты анықталмақ. Сәрсенбі күні АҚШ-тың Киевке барлау мәліметтерін беруді тоқтатқаны да белгілі болған. Wall Street Journal жазуынша, Трамп Владимир Зеленский Ресеймен бейбіт келіссөзді шындап қолдайтындығына көз жеткізгеннен кейін ғана Украинаға әскери көмекті қайта жалғастыруы мүмкін.
Уолтцтың сөзіне қарағанда, Украинамен келіссөз барысында Америка жағы Ресейге ұсынылатын белгілі бір бастамаларды әзірлемек. Мәселе атап айтқанда, Франция президенті Эммануэль Макрон ұсынған және Украина президенті Владимир Зеленский бір күн бұрын келіскендей болған "жартылай бітім" яғни, ракета соққылары мен теңіздегі соғысқа мораторий жариялау жөнінде болып отыр ма, ол жағы түсініксіз.
28 ақпанда Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Ақ үйдегі алдын ала жоспарланған келіссөзі көптің көзінше өрбіген дау-дамайдың кесірінен аяқсыз қалғаннан кейін Украина делегациясы Ақ үйден дереу кетіп қалған. Пайдалы қазбаларды өндіру және инвестициялық қор құру туралы алдын ала дайындалған келісімге қол қойылмаған еді. Ізінше Трамп Украинаға әскери көмекті тоқтатты. Бір күн бұрын АҚШ-тың Киевке барлау мәліметтерін беруді тоқтатқаны да белгілі болды.
4 наурызда кешке Конгреске мәлімдемесінде Трамп Зеленскийден маңызды хат алғанын, онда Украина басшысы бейбіт келіссөзге оралуға дайын екенін білдіргенін жеткізді. Зеленский хатта Ақ үйде кездесу "ойдағыдай" өтпегенін айтып, келіссөз үстеліне "тезірек оралуға дайын" екенін білдірген.
Алматы соты белсенді Ермек Нарымбайды бес тәулікке қамады

Алматы қаласының әкімшілік соты белсенді Ермек Нарымбайды бес тәулікке қамады.
Оның үстінен әкімшілік істің қозғалуына Facebook-тағы жазбасы түрткі болған. Жазбада президент, бас прокурор, премьер-министр және өзге де бірқатар жоғары лауазымды тұлғалардың аттары аталады, автор солар туралы желіде тараған ақпарат қаншалықты рас деген сұрақ қояды.
Бұрын шыққан үкім бойынша Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салынған. Осы шешім негізінде белсендіге “сот шешімін орындамады” (669-бап 1-бөлік) деген айып тағылған.
Адвокаты Василий Садықовтың сөзінше, сот кезінде қарсы тарап "Ермек Нарымбайдың айыбын негіздей алмаған". Оның айтуынша, Ермек Нарымбай жазбада ешқандай тұжырым жасамаған және аудиторияға сұрақ қойған. Бұған қоса, белсенді желіде тарап кеткен ақпаратты қайталап басқан.
Қорғау жағы сот қаулысын алғаннан кейін заңға сәйкес тиісінше әрекет ететіндерін айтып отыр.
2022 жылы ақпанда Украинадан Алматыға оралғанда әуежайда бірден қамауға алынып, бір жарым жыл түрмеде отырған белсенді Ермек Нарымбаев жазасы жеңілдеп, 2023 жылы 31 шілдеде бостандыққа шыққан. 2023 жылы қыркүйекте сот Нарымбаевқа "қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысуына" тыйым салған. Белсенді бұған дейін де "сот шешімін орындамағаны үшін" әкімшілік жазаға тартылған.
Лукашенко америкалық блогерге Ресейдің Украинамен келіссөзі және Пригожин туралы айтты

Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко америкалық блогер Марио Науфалға берген сұхбатында Минскіде Ресей, Украина және АҚШ президенттерінің бейбітшілік келіссөзін өткізуге дайын екенін, бірақ араағайындық жасай алмайтынын жеткізді.
"Сондықтан да Трампқа жеткізіңіз: мұнда оны Путин және Зеленскиймен бірге күтемін. Отырып, бәрін сабырлы түрде талқылаймыз" деді Лукашенко.
"Украинадағы соғысты бітіргісі келетін Трамп жарады, бұл тұста оны қолдауға дайынмын" деді Беларусьтің авторитар жетекшісі.
Лукашенко сонымен бірге Трампты "керемет адам" деп мақтады.
"Мен Америкада болғанда оған кейбір мәлімдемелерді жасамауға кеңес берер едім" деді Лукашенко.
Лукашенко сонымен бірге "ЧВК Вагнердің" жетекшісі Евгений Пригожин 2023 жылы жазда бүлік кезінде "ядролық батырмаға ұмтылып", "ядролық қаруды иеленгісі келгенін" айтты. Оның сөзінше, ол орта жолда Пригожинді айнытып, көндіре алған. Осыдан кейін Мәскеуге бара жатқан вагнерліктер колоннасы кері қайтқан.
Лукашенконың сөзінше, Пригожиннің бүлігін тоқтатқаны үшін оны бейресми түрде ЦРУ өкілдері мен MI6 және өзге де Батыс елдерінің барлау қызметтері мақтаған.
Сұхбат барысында Лукашенко өз сөзіне ешқандай дәлел келтірмеген.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Путин, Трамп және Зеленскийдің келіссөзін Минскіде өткізу мүмкіндігі әлі талқыланбағанын айтты. "Бұл біздің басты одақтасымыз. Сондықтан да біз үшін бұл ең жақсы орын" деді Песков.
Алматыда БҰҰ-ның аймақтық хабы ашылмақ

БҰҰ Бас ассамблеясы Алматыда Орталық Азия және Ауғанстанның орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ аймақтық орталығын құру жөнінде қарар қабылдады. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады.
"Бүгін БҰҰ Бас ассамблеясы 152 елдің бірлескен авторлығымен Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның аймақтық орталығын Алматыда ашу туралы қарарды консенсус негізінде қабылдады" деп жазылған ресми хабарламада.
Ресми ақпаратқа қарағанда, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бастамасын қолдағаны үшін барлық серіктестеріне алғыс айтқан. Тоқаевтың пікірінше, БҰҰ-ның Аймақтық хабы "халықаралық іс-қимылды үйлестірудің маңызды алаңына айналмақ".
Жаңа орталық БҰҰ агенттіктерін аймақтағы елдердің үкіметтерімен үйлестіреді. Ол БҰҰ-ның Күн тәртібі-2030 атты ғаламдық бағдарламасын ілгерілетумен айналысады. Аталған бағдарламаның күн тәртібінде кедейшілікпен күрес, қоршаған ортаны қорғау, өмір сапасын арттыру және бәріне бірдей мүмкіндік жасау сияқты мәселелер де бар.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Қазақстанда БҰҰ-ның 20-дан астам бөлімшесі істейді.
ПІКІРЛЕР